ҚАЗАҚСТАНДА МАШИНА ЖАСАУ КӨЛЕМІН 4,5 ЕСЕГЕ АРТТЫРУ КӨЗДЕЛІП ОТЫР

Машина құрастыру — кез келген индустриалды дамыған елдің экономикалық тірегі саналатын негізгі салалардың бірі. Қазақстан үшін бұл сала стратегиялық маңызға ие, өйткені ол өнеркәсіптің басқа да салаларымен тығыз байланысты және елдің технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге қабілетті. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан машина жасау өндірісін дамытуға бағытталған нақты қадамдар жасалуда. Алайда бұл бағыттағы әлеует толық іске асты деу әлі ерте.
Қазақстанда машина құрастыру саласы кеңестік кезеңнен бері дамып келе жатқанымен, тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары өндірістің күрт төмендеуіне тап болды. Соңғы онжылдықта бұл бағыт қайта жанданып, отандық және шетелдік инвестициялар есебінен бірқатар өндірістік кәсіпорындар іске қосылды. Қазіргі таңда автомобиль құрастыру, ауыл шаруашылығы техникасы, теміржол көлігі мен мұнай-газ саласына арналған құрал-жабдықтар өндірісі дамып келеді. Саланы дамытуға мемлекет тарапынан айрықша көңіл аударылып отырғанын айта кету керек. Жоспар көп. Осы орайда, жуырда Астанада өткен Қазақстан машина жасаушыларының XII форумына 20 елден 1500-ден астам қатысушы жиналды. Аустрия, Бразилия, Германия, Италия, Қытай, Түркия, Ресей және басқа да елдердің өкілдері екі күн бойы саладағы өзекті мәселелерді, қазақстандық машина жасау саласының келешегін және жаңа мүмкіндіктерді талқылады. Қазақстан машина жасаушылары одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаевтың айтуынша, Президент тапсырмасымен 2024-2028 жылдарға арналған машина жасауды дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленді. Құжатқа сәйкес, өндіріс көлемі 4,5 есеге, экспорт – 3 есеге, еңбек өнімділігі – 2 есеге, инвестиция көлемі – 1,5 есеге артуы керек.
Форумда машина жасау саласын дамыту Мемлекет басшысының жеке бақылауында екені айтылды. «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылданып, Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылды. 2023 жылы Үкімет Машина жасаушылар одағы ұсынған бірқатар бастаманы қолдады. Мейрам Пішембаевтың айтуынша, геосаяси сын-қатерлер жағдайында ішкі өндірістік тізбектер мен экспорттық бағыттарды дамыту, жаһандық нарық талаптарына бейімделу аса маңызды. Бүгінде Қазақстан жоғары технологиялы өңдеуші өнеркәсіпке басымдық беріп отыр. Алғаш рет оның ЖІӨ-дегі үлесі тау-кен секторынан 4,6 пайызға асып түсті. Сонымен бірге, өңдеуші өнеркәсіп құрылымындағы машина жасаудың үлесі 20 пайызға жетті.