ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫЛАР ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, ұлт рухының, ел болашағының тірегі. Бұл тұрғыда соңғы жылдары Шымкент қаласында спорт саласының қарқынды дамып келе жатқаны қуантады. Үшінші мегаполис мәртебесіне ие болған шаһарда бұқаралық спортты дамыту, спорт инфрақұрылымын жақсарту және жас спортшыларды қолдау бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатыр.
Қалада жаңадан спорт кешендері салынып, көпқабатты үйлердің аулаларында ашық алаңдар бой көтеруде. Бұл – балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлеріне де көңіл бөлініп, көкпар, қазақ күресі, тоғызқұмалақ секілді спорттар қайта жандана түсті. Нәтиже де жоқ емес. Шымкенттің спортшылары халықаралық аренада да ел намысын қорғап жүр. Олимпиада, әлем және Азия чемпионаттарында топ жарған жерлестеріміз – қаланың спорттық әлеуетінің айқын дәлелі. Мемлекет тарапынан спортшыларға қолдау көрсетіліп, дарынды жастарды тәрбиелеу бағытында арнайы бағдарламалар жүзеге асырылуда. Осы орайда, волейболдан жоғары лига әйелдер командалары арасындағы Қазақстан Республикасының XXXIII чемпионатында Шымкент қаласының командасы айқын жеңіске жетіп, ел чемпионы атанды. Жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар туған жерге зор қошеметпен оралды. Теміржол вокзалында чемпион қыздарды жанкүйерлер мен «Шымкент спорт ойын түрлері клубының» директоры Тұрсын Ахметов бастаған спорт қауымдастығы салтанатты түрде қарсы алды. Гүл шоқтарын ұсынып, ыстық ықылас білдірген жанкүйерлер жеңіске ортақтасып, команданың мерейін асыра түсті.
Команданың бас бапкері Дидар Әбдіқаппар жиналған қауымға алғыс айтып, чемпионаттағы негізгі кезеңдер мен жетістіктер туралы қысқаша ақпарат берді. Оның айтуынша, бұл жеңіс – тек спортшылардың еңбегінің нәтижесі ғана емес, бүкіл Шымкент қаласының ортақ жеңісі. Чемпионат биыл Хромтау қаласында өтті. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған 7 команда бес тур бойы бақ сынап, тартысты ойын өрбіді. Маусым барысында үздік ойын өрнегін көрсеткен Шымкент командасы барлық турда қарсыластарынан оқ бойы озық болып, 10 ұпайлық артықшылықпен чемпион атанды. Күміс жүлде хромтаулық «Әлия» командасына, қола жүлде Атырау командасына бұйырды. Жарыс қорытындысы бойынша шымкенттік бірнеше ойыншы жекелеген номинациялар бойынша үздік деп танылды. Евгения Калинова – «Үздік шабуылшы», Жұлдыз Кененбай – «Үздік байланыстырушы», ал Инна Яковлева – турнирдің ең үздік ойыншысы атанды.