ЕРІКТІ ЖАСТАР – ЕЛ ЕРТЕҢІ

Шымкент қаласында жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, волонтерлік қозғалысты дамытуға арналған маңызды іс-шара – «Волонтерлікке қадам бас» жастар форумы өтті. Іс-шараны Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырды. Жастар форумының негізгі мақсаты – еріктілік қызметті насихаттап, жастарды волонтерлікке тарту арқылы олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру болды.
Форумға сала мамандары, қоғамдық ұйым жетекшілері, белсенді волонтерлер мен жастар ұйымдарының мүшелері қатысты. Шара барысында қатысушылар волонтерліктің маңызы, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудың жолдары, азаматтық белсенділікті қалыптастыру және қоғамға пайдалы болудың түрлі тәсілдері туралы ой бөлісті. Форум қатысушыларының айтуынша, волонтерлік – бұл тек қоғамға пайдалы болу ғана емес, сонымен қатар жеке тұлға ретінде қалыптасудың тиімді жолы. Еріктілер қызметі арқылы жастар көшбасшылық қабілеттерін дамытып, өз өмірлік бағытын анықтай алады. Аймақтық волонтерлік фронт-офис жетекшісі Қайыржан Бөгенбай форумда бүгінгі таңда Шымкент қаласында үш мыңға жуық ресми тіркелген волонтер бар екенін айтты. «Олардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер, түрлі мамандық иелері мен тіпті зейнеткерлер де бар. Волонтерлік бағыттар экологиялық, әлеуметтік, мәдени, білім беру және құқықтық салаларды қамтиды» деді ол.
Волонтер болу – бұл жай ғана көмек көрсету емес, жаңа дағдыларды меңгеріп, өмірлік тәжірибе жинақтау, ортада өз орныңды табу, өзіңді дамыту жолы. Еріктілікпен айналысатын жастар нақты жобаларға атсалыса отырып, қоғамның өзекті мәселелерін шешуге өз үлесін қосады. Сонымен қатар волонтерлік қызмет патриоттық сезімді қалыптастырып, елге жанашыр болуды үйретеді. Жас еріктілер өмірлік ұстанымын анықтап, болашақ мамандығын саналы түрде таңдай алады. Шымкент қаласында өткен бұл форум – жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, еріктілік идеясын кеңінен дәріптеуге бағытталған игі қадам. Мұндай шаралар жастардың бойында жауапкершілік, жанашырлық пен көшбасшылық қасиеттерді қалыптастырып, оларды еліміздің болашағына бейжай қарамайтын тұлға ретінде тәрбиелейді.




