ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ ІСІ ҚАРҚЫН АЛҒАН

Шымкент – Қазақстандағы ең ірі және қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі. Соңғы жылдары қала халқының саны айтарлықтай өсті, бұл инженерлік инфрақұрылым жүйелерін жетілдіру қажеттілігін арттырды. Қала әкімдігі мен мемлекеттік органдар осы бағытта ауқымды жұмыстар атқаруда. Ең алдымен, қалада су, газ және электр жүйелерін жаңарту мен кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Халық санының көбеюіне байланысты жаңа тұрғын үйлер мен шағынаудандарға су және электр желілері тартылып, заманауи қондырғылар орнатылуда. Ал атқарылып жатқан жұмыстар жайы үнемі бақылауда.

Осы орайда, жуырда шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында Әл-Фараби ауданындағы «Шымкент-1» газ тарату станциясының жұмысымен танысты. Сағатына 80 000 м³ газ жеткізу қуатына ие бұл станция қала тұрғындарын тұрақты әрі үздіксіз газбен қамтамасыз етеді. Магистральды газ құбырларын басқару филиалының басшылығы нысанды пайдалану және техникалық қызмет көрсету кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы ақпарат берді. Әрі қарай Қаратау ауданында Назарбаев даңғылы мен Бәйдібек би даңғылының қиылысында салынып жатқан көлік өткелінің жобасымен танысты. Бұл жоба аталған көшелердегі көлік қозғалысын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ қала әкімі Абай ауданында еліміздегі ең ірі жылыжай кешені – «Alsera KZ» ЖШС құрылыс жұмыстарының барысын тексерді. Қазіргі таңда құрылыс қаңқасының монтаждау жұмыстары 80 пайызға аяқталған. Инвестор жобаның алғашқы кезеңін биыл мамыр айында аяқтауды жоспарлап отыр. Жауапты басқармаларға кешенді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауға алуды тапсырды. Жалпы Шымкент қаласындағы инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Бұл халықтың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, қаланың экономикалық және әлеуметтік дамуына да оң әсерін тигізеді. Алдағы жылдары бұл жұмыстар одан әрі жалғасын тауып, Шымкент заманауи мегаполиске айналары сөзсіз.