ЕТ ЭКСПОРТЫ ІЛГЕРІЛЕП КЕЛЕДІ

Қазақстан – мал шаруашылығы ежелден дамыған, кең жайылымдары бар аграрлы мемлекет. Табиғи-климаттық жағдайының қолайлылығы мен тарихи мал өсіру дәстүрі елімізді ет өндіруде бәсекеге қабілетті мемлекетке айналдырады. Соңғы жылдары Қазақстан ет өндірісін дамытып, оның экспорттық әлеуетін арттыруға баса назар аударуда.

Бүгінде Қазақстан жылқы, сиыр, қой және құс етін өндірумен айналысады. Әсіресе, жылқы және қой етіне сұраныс шетелдік нарықтарда жоғары. Соңғы деректерге сүйенсек, Қазақстанның ет өнімдері Ресей, Қытай, Иран, Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдерге экспортталады. Әсіресе, экологиялық таза, табиғи өнім ретінде қазақстандық ет шетелдік тұтынушылардың қызығушылығын тудырады. Қазақстанның ет экспортындағы әлеуеті зор. Оны тиімді пайдалану үшін мемлекеттік қолдау, инновациялық тәсілдер мен заманауи технологияларды енгізу қажет. Егер осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізілсе, Қазақстан әлемдік ет нарығында бәсекеге қабілетті ойыншылардың біріне айналуы әбден мүмкін. Осы орайда, Ауыл шаруашылығы министрлігі былтырғы ет экспортына қатысты түсінік берді. «2024 жылдың 11 айында ет экспортының көлемі 73 мың тоннаға жетті, ал 2023 жылдың 11 айында бұл көрсеткіш 50 мың тонна болған. Былтырғы экспорттың арасында сиыр еті 19,7 мың тонна, қой еті – 15 мың тонна, сондай-ақ құс еті 38 мың тонна болды. Ал жылқы еті мен шошқа еті 2024 жылғы 11 айында экспортталмаған» делінген министрліктің мәлімдемесінде.
Негізгі экспорттық нарықтарға ойыссақ, Өзбекстанға 31 мың тонна, Ресейге 24 мың тонна, Қырғызстанға 11 мың тонна жөнелтілген. Сиыр етінің негізгі экспорты Өзбекстанға бағытталған. Ала шапанды ағайынға былтыр 18,6 мың тонна ет жіберілген. Сонымен қатар Тәжікстанға 490 тонна, Иранға 298,4 тонна сиыр еті экспортталған. Қой етінің де негізгі сатып алушысы – Өзбекстан. Бұл елге 11,9 мың тонна өнім жіберілген. Біріккен Араб Әмірліктері 1130 тонна, Иран 1014 тонна отандық өнімімізді сатып алған. Құс етінің негізгі тұтынушысы – Ресей. Солтүстіктегі көршіміз былтыр 24,1 мың тонна құс етін сатып алған.