АБАТТАНДЫРУ БАҒЫТЫНДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

Шымкент – Қазақстанның ең қарқынды дамып келе жатқан қалаларының бірі. Соңғы жылдары қалада абаттандыру жұмыстары кеңінен жүргізіліп, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасалуда. Қаланың көгалдандыру және инфрақұрылымын жақсарту мақсатында көптеген саябақтар, гүлзарлар мен серуен аймақтары ашылды. Сонымен қатар орталық көшелерде ағаш отырғызу, жарықтандыру жүйелерін жаңарту және заманауи тротуарлар төсеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Осы орайда, үшінші мегаполиске қарасты Тұран ауданында инфрақұрылымды жақсартуда және елді мекендерді абаттандыруда ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Былтыр 42 көше асфальттеліп, 21,3 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынып, 33 көшеде ирригация жүйесі орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасады. Жыл соңына дейін 23 көшеге 20 шақырым шағал тас төселіп, 59 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар 35 көшеге 21,1 шақырымға жаяу жүргіншілер жолы салынады.
Тұран ауданы бойынша 5 көшеге 2,95 шақырым ирригация жүйесі орнатылады. Биыл аудандағы көшелер толық қамтылып, жарықтандыру көрсеткіші 100 пайызға жеткізіледі. Арғынбеков, Бәйтереков және Қабылбеков көшелерінде гүлзарлар мен скверлер бой көтереді. Онымен қоса 18 балалар алаңы, 13 балалар және спорт алаңшасы салынып, ортақ пайдаланылатын орындар құру бойынша 2 жоба жүзеге асырылады. Қорыта айтқанда, аудандағы абаттандыру жұмыстары қала тұрғындары мен қонақтары үшін ыңғайлы әрі әсем ортаны қалыптастыруға бағытталған. Мұндай өзгерістер қаланың даму қарқынын арттырып, болашақта одан да жайлы мегаполиске айналуына ықпал етеді.