ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚ – ЕЛДІҢ ЕРТЕҢГІ ТІЗГІНҰСТАРЫ

Лудомания – қазіргі таңда қоғам алдында тұрған аса күрделі мәселелердің бірі. Адамзаттың ұзақ даму жолында ойын-сауық пен бәстесу әрекеті кейде күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналды. Алайда соңғы жылдары құмар ойындардың қарқын алуымен бірге оның теріс салдары да тереңдеп, жаңа дерт – лудоманияны өршітті. Бұл қазіргі уақытта қазақ қоғамына ғана емес, күллі адамзат баласына ортақ мәселе десек, артық айтпаған болар едік.

Лудомания – құмар ойындарға шектен тыс тәуелділік, адамның өз қаржысын, уақытын, тіпті психологиялық тұрақтылығын бәске тігетін қауіпті әдет. Бұл дертке шалдыққандар ақша ұту үмітімен, бір сәттік жеңістің ләззатын сезіну үшін қаражаттарын сарқып, жақындарынан алшақтап, өз өмірінде орын алып жатқан басқа құндылықтарды мүлде ескерусіз қалдырады. Соның салдарынан отбасы мүшелері арасында кикілжіңдер туындайды, отбасылық берекет бұзылады, жеке тұлғаның рухани, моральдық құндылықтары түсе бастайды. Лудоманияның түп-тамыры адам психологиясында жатыр. Жеңген сәттің шаттығы, адреналин бөлуі адамның миында әлдебір өзгерістер жасап, оны қайта-қайта ұту сезімін аңсауға итермелейді. Осылайша тәуелділік шеңбері тұйықтала түседі. Бүгінгі қоғамда технологияның жылдам дамуы мен ойын алаңдарының қолжетімділігі бұл мәселенің ушығуына түрткі болуда. Ғаламтордағы онлайн құмар ойындар, жарнамалар мен әлеуметтік желілердегі маркетинг әдістері адам баласының әлсіз тұсын іздеп, санасын тұзаққа түсіруге ұмтылады. Лудоманиямен күресу – баршаның міндеті. Мемлекет деңгейінде қатаң заңнамалық шараларды енгізу, құмар ойын мекемелерін шектеу, жарнамаларын азайту, халық арасында ағартушылық жұмысты күшейту – бұл дерттің таралуын тежеудің бір жолы. Сонымен қатар, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер лудоманияға шалдыққандарға қолдау көрсетуі, арнайы оңалту орталықтары мен кеңес беру қызметтерін дамытуы қажет.
Осы орайда, Түркістан облысы, Ордабасы аудандық білім бөліміне қарасты «Мұхаметқұл Исламқулов атындағы жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында мектеп директоры Ж.Акылбекованың басшылығымен «Біздің таңдауымыз -заңды мемлекет» тақырыбында ашық тәрбие сағаты өтті. Тәрбие сағатына құқық қорғау қызметкерлері, атап айтқанда, Ордабасы АПП-нің жергілікті полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Қонысәлі Бекзат, Кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер істері жөніндегі инспекторы, полиция лейтенанты Райымжанов Асан қатысып, оқушыларға булингтің, әлімжеттіктің, жасөспірімдер арасындағы лудоманияның алдын алу мақсатында Заң талаптары мен жаза түрлерін түсіндіріп, білім алушыларды заң талаптарың орындауға, әдептілікке шақырды. Бұзақылық әрекеттері үшін жауапкершілік туралы ақпарат беріп, оқушыларды заңды құрметтеуге, сонымен қатар оған бағынуға шақырды. Жалпы лудомания сынды өзекті мәселемен күресте отбасында дұрыс тәрбие беру аса маңызды. Балаларға саналы тұтыну мәдениетін, ақша мен уақыттың құндылығын түсіндіре отырып, оларға құмарлықтың уақытша рақаттан гөрі, орны толмас зиян әкелетінін ұғындыру қажет. Қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары да лудоманиямен күрес жолында ағартушылық жұмыс жүргізіп, адам санасына дұрыс құндылықтарды сіңіре отырып, салауатты өмір салтын насихаттауға тиіс. Қорытындылай келе, лудомания – қоғамды іштен іріте алатын аса қатерлі дерт. Оны еңсеру үшін әлеуметтік, психологиялық, құқықтық тұрғыдан үйлесімді іс-қимыл қажет. Егер біз бірлесіп әрекет етсек, дұрыс құндылықтарды дәріптеп, саналы өмір сүру қағидаттарын ұстансақ, лудоманияның таралуына тосқауыл қойып, қоғамымыздың болашағын жарқын ете аламыз.