ЛУДОМАНИЯ ЖӘНЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ

Лудомания – қоғамға ауыр зардаптарын тигізіп отырған ауқымды әлеуметтік кесел. Бүгінде оның шырмауына түскендердің қатары қалың. Сондықтан ел көлемінде арнайы заң жобасы қабылданып, алдағы бірнеше жылға жоспарланған жұмыс кестесі бекітілді. Жалпы мұндай әлеуметтік кеселмен күресу үшін адам бойында оған қарсы мәдениет болуы керек. Сондықтан да аталған түйткілдің зардаптарын ұғындыратын кездесулер белсенді өткізіліп келеді. Жуырда дәл осындай маңызды жиын өткен болатын. Тарқатайық…

Қазығұрт ауданы әкімінің аппарат басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Қ.Иматов, аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары мен ауыл округ әкімдерінің қатысуымен, Қазақстан Республикасының 2024 жылғы 8 шілдедегі Заңымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға енгізілген өзгерістер туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осы Заңның 12-бабы 6) тармақшамен толықтырылғаны туралы, яғни мемлекеттік қызметшілер үшін «ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ұйғарымға жататын құмар ойындарға немесе ойын мекемелеріндегі бәс тігуге шектеулер көзделгенін атап өтті. Сондай-ақ, құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатысқаны, сондай-ақ жиырма жасқа толмаған және құмар ойындарға қатысуы шектелген адамдарды құмар ойындарға немесе бәс тігуге тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығы айтылды. Сонымен қатар аталған заңға сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйымдарды қабылдамау, сол сияқты оларды сақтамау жұмыстан шығаруға яғни атқаратын қызметінен босатуға, өкілеттігін тоқтатуға негіз болатындығы қатаң ескертілді.
Айта кетейік, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бүгінде аталған заң жобасының негізгі талаптары мемлекеттік қызметшілерге түсіндіріліп жатыр.