ӘЛЕУМЕТТІК ТҰРҒЫДА ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ БАЯНДАЛДЫ

Бүгінде әлеуметтің әлеуетін арттыру бағытында қыруар іс атқарылып жатыр. Оның ішінде жұмыспен қамту шаралары қарқын алған. Осы орайда, Ордабасы ауданында атқарылған жұмыстардың жай-жапсары турасында маңызды жиын өтті. Нақтырағы, Ордабасы ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен ауданның апталық мәжілісі болды. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Онда 9 айдың қорытындысымен индикаторлық көрсеткіштер және аудан бюджетінің күтілімді орындалулары туралы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева, отбасының цифрлық картасында Д және Е санаттағы отбасылардың санын төмендету бойынша атқарылған жұмыстар туралы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ардақ Талдыбаев, тұрғындардан түскен ұсыныс-пікірлер мен жеке қабылдауда көтерілген мәселелердің орындалу туралы аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы Маратбек Туреев, аудан әкімі аппаратының жалпы және әкімшілік бөлімінің басшысы Арсылан Нуриддинов, абаттандыру, күзгі тал егу жұмыстары бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Искаков баяндама жасады. Сонымен қатар 2024 жылғы күзгі әскер қатарына шақыру бойынша Ордабасы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Бақдәулет Ташпулатов хабарлап өтті.
Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша 9 айлықтың қорытындысымен индикаторлық жоспарлардың орындалуы туралы әр салаға жеке-жеке тоқталып өтті. Аталған мәселе бойынша аудан әкімі өз деңгейінде жұмыс жүргізбей жатқан ауыл әкімдері мен дербес бөлім басшыларын сынға алып, тиісті жұмыстарды толық орындауды тапсырды.