САРЫАҒАШ: КЕЗДЕСУЛЕР ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Өскелең ұрпақ жас өскін тәрізді. Оны қалай исең, солай қарай өседі. Сондықтан ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп, адами қасиеттерді кеңінен насихаттаудың маңызы айрықша. Дегенмен интернеттің кең қолданысқа енуімен түйткілді түйінге айналып отырған жайттар да аз емес. Мәселен, бүгінде қоғамнан гөрі қара бастың қамын қаттырақ ойлайтын кейбір топтар түрлі санаға жат, тәрбиеге қайшы әрекеттерді жарнамалауды жиілетіп барады. Бұл ғана емес, қаржылық сауаты қалыптасып үлгермеген ойын баласына құмар ойынды кеңінен насихаттап, болашағына балта шауып жатқандар да баршылық.
Сондықтан да бұл түйткілдердің алдын алудың маңызы айрықша. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан облысында қолға алынып жатқан шаралар аз емес. Жыл басынан бері түрлі сала мамандарынан, атап айтқанда, құқық қорғау қызметкерлерінен, педагогтер мен психологтардан, ақсақалдар алқасының мүшелерінен жасақталған ақпараттық-насихат тобы білім ордаларына барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Газетіміздің бұған дейінгі сандарында Сарыағаш ауданында атқарылып жатқан жұмыстар турасында да жазған едік. Бұл бағыттағы бастамалар әлі де жалғасып жатыр. Тарқатар болсақ, Сарығаш ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторлары, ювеналды полиция инпекторлары тарапынан мектеп оқушылары арасында құқықтық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, әлімжеттілік, буллинг, бопсалау, лудомания құмар ойындарының алдын алу мақсатында кездесулер өтіп жатыр. Өткен аптада аталған тақырыпты арқау еткен жиындар Сарыағаш қаласындағы №12 «Кәсіптік колледжі» студенттерімен, №6 Ж.Аймауытов атындағы мектептің, Жібек жолы ауыл округі Диханбаба ауылындағы №16 Ы.Алтынсарин атындағы мектептің, Қызылжар ауыл округінде орналасқан №72 жалы білім беретін мектептің 7-11 сынып оқушыларымен өтті. Онда тәрбиелік мәні бар кеңестер айтылып, заң талаптары кеңінен түсіндірілді.
Айта кетейік, ресми деректер бойынша, Қазақстанда қазірдің өзінде шамамен 350 мың азамат ойынқұмарлыққа салынған. Бұл ретте бір адамды лудоманиядан емдеу орта есеппен 400 мың теңге тұрады. Тиісінше, 350 мың ойыншыны емдеуге 140 миллиард теңге шығын шығару қажет болады. Мұндай ауыртпалықты мемлекеттік бюджет те, отбасылар да көтере алмайды. Мұның сыртында құмар ойындарға тартылған қазақстандықтар саны жоғары қарқынмен өсіп барады. Сондықтан да елімізде аталған мәселемен күрес шаралары қарқын алып келеді. Арнайы заң жобасының қабылдануы мен алдағы бірнеше жылда атқарылар іс-шаралар жоспарының бекітілуі – мұның айқын айғағы.