КЕНТАУДА ОБЛЫСТЫҚ СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ

Бүгінде жастар арасында кең етек жайған мәселелер баршылық. Олардың қатарына нашақорлық пен лудомания түйткілдерін жатқызуға болады. Өкініштісі сол, бүгінде құмар ойынның құрығына түскендердің қатары қалың. Тіпті, уақыт өткен сайын артып келе жатыр десек, артық айтпаған болар едік. Сондықтан да елімізде аталған мәселенің алдын алу бағытында қыруар іс атқарылып келеді. Арнайы заң жобасы қабылданды. Алдағы бірнеше жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Бұл ғана емес, қазіргі таңда әлеуметке аталған түйткіл турасында кеңінен ақпарат беріліп келе жатыр. Бұл бағытты іске асыруда әсіресе жастар белсенділік танытуда. Осы орайда, жуырда Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның бастамасымен «Лудомания — қоғам дерті» атты облыстық семинар-тренинг өтті. Шараға Түркістан облысына қарасты 17 аудан-қаланың «Жастар ресурстық орталығының» басшылары, жалпы орта мектеп мамандары, психологтар қатысты. Жиында сөз алған Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова лудоманияның салдары мен оның алдын алу бойынша ойымен бөлісіп, елдің жарқын болашағы — білімді, еңбекқор жастардың қолында екендігін айтты.
Сондай-ақ мемлекеттік басқару магистрі, коуч-тренер Айнұр Идирисова, Түркістан облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай, педагогика ғылымдарының магистрі, практик психолог Айсұлу Тұрсынбаева сынды – спикерлер әр бағыт бойынша жеке түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жиынның екінші кезеңінде ерте жүктілік, нашақорлық, зорлық-зомбылық, өз-өзіне қол жұмсау, алаяқтық, лудомания тақырыптары аясында сауалдарға жауаптар берілді. Іс-шара соңында спикерлер қорытынды сөз сөйлеп, қатысқан қонақтарға сертификат табыстады.