ӘЛЕУМЕТТІК ТҰРҒЫДА ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ БАЯНДАЛДЫ

Елімізде жұмыспен қамту шаралары қарқын алып келеді. Өз кезегінде, «Халықтың кірісін арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Оның ішінде Ордабасы ауданында кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету арқылы жұмыс орындарын ашу бастамасы сәтті жүзеге асып келеді. Осы орайда, Түркістан облысына табан тіреген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүздеген адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындардың қызметі таныстырылды.

Тарқата баяндасақ, Президент Ордабасы ауданында «JNRAY Group» серіктестігі биыл іске қосқан тігін фабрикасының жұмысымен танысты. Аумағы 6 мың шаршы метр болатын жеңіл өнеркәсіп нысанын ашуға мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасы аясында 1,4 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген. Осы орайда, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа фабрикада киім-кешек, төсек жабдықтары және арнайы киім түрлері шығарылатыны жөнінде мәлімет берілді. Бүгінде кәсіпорында 300 адам жұмыс істейді. Келешекте өнім түрлерін көбейтіп, тігіншілер санын 500-ге дейін жеткізу жоспарланған. Қажетті шикізат көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінен жеткізіледі. Мемлекет басшысы тігін цехын аралап көріп, өнім үлгілерімен де танысты.
Бұған дейін мемлекет басшысы Ордабасы ауданының Бадам ауылында орналасқан «Бөрте Милка» ЖШС тауарлы сүт фермасын аралап көрді.2016 жылы негізі қаланған бұл кәсіпорын Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде биыл 403 бас сиыр сатып алды. Нәтижесінде қосымша 15 жаңа жұмыс орны ашылды. Жобаға мемлекеттен жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз болатын жеңілдетілген 2,4 миллиард теңге несие берілді. Бүгінде құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Ферма «DeLaval» швед технологиялық кешенімен жабдықталған. Ферма тәулігіне 25 тонна сүт өңдеп, 20-дан астам өнім түрін шығарады. Кәсіпорынның тауары негізінен Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарына, сондай-ақ Шымкент, Алматы қалаларына жеткізіледі.