ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТАР ЖАЙЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Шымкент — халық саны миллионнан асатын мегаполис. Сәйкесінше, шаһарда қоғамға еңбек сіңіретін салаларға деген талап қатаң, жауапкершілік жоғары. Бұл тұрғыдан келгенде, жемісті жұмыс істеп жатқан басқармалар жетерлік. Сонымен қатар қала басшысынан ескерту алған басшылар да аз емес. Осы орайда, жуырда Шымкент қаласы әкімдігінің аппараттық мәжілісі өткен болатын. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…
Келелі жиында апатты нысандардың мәселелері мен «Таза Қазақстан» жобасы аясындағы және су тасқыны қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі шаралар талқыланды. Мәжілісте қалалық құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев сейсмикалық қауіпті аумақтарда орналасқан тұрғын үй-жайларды сейсмонығайту шараларын баяндады. Оның айтуынша, 233 көппәтерлі тұрғын үйге техникалық зерттеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде сейсмонығайтуды қажет ететін 68, апатты 67 үй анықталған, тұрақты жағдайдағысының саны – 98 үй. Қала әкімі тиісті сала басшыларына апатты, сейсмонығайтуды қажет ететін тұрғын үйлер санын анықтауда зерделеу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Бұдан кейін сөз алған қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар «Таза Қазақстан» жобасы аясында атқарылып жатқан шаралар барысын жеткізді. Мегаполис басшысы жауаптыларға тазалық жұмыстарына жергілікті тұрғындарды, кәсіпкерлік нысандар қызметкерлерін тартуды ұйымдастыруды тапсырды. Онымен қоса қазан айында апта сайын сенбілік өткізу бойынша тапсырма берілді. Аппарат отырысында су тасқыны қауіпсіздігін қамту жұмыстары да пысықталды. Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысына төтеншеліктермен бірлесе су жиналу қаупі бар аумақтардағы өзекті мәселелерді шешуді тапсырды. Сонымен қатар қала әкімі елді мекендерге инженерлік желілерді жүргізумен айналысатын мердігерлердің жолдарды рұқсатсыз қазу жағдайларына қатысты ескерту жасады. Өз сөзінде «Қаламызға жанашырлықпен қараңыздар. Кез-келген жерді қазып, халыққа қолайсыздық туғызуға жол бермеу керек. Бұл бағытта мердігерлерге де тиісті шаралар қолданыңыздар. Намысқа тырысып, жұмысты жандандыру қажет, әріптестер» деді қала әкімі. Жиын соңында барлық аудан әкімдеріне тұрмыстық қалдықтарды дер кезінде жинау, тазалық жұмыстарын тиімді ұйымдастыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.