СӘН-САЛТАНАТ САЛЫҒЫ: ЖАҢА ЖОБАНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ ҚАНДАЙ?

Елімізде сән-салтанатқа салынатын салық мөлшерлемесін арттыру туралы бастаманың көтерілгеніне біршама уақыт болды. Бұл ұсынысты бірқатар белсенділер қолдап та жатыр. Рас, өйткені дамыған мемлекеттерде мұндай тәжірибе бар. Енді бұл үрдіс Қазақстанға да келді. Тарқатайық…

Жуырда Ұлттық экономика министрі Азамат Әмрин Мәжілістегі жаңа Салық кодексінің жобасын талқылаудан кейін бірнеше пәтері бар отандастарымызға салықтың қалай есептелетіндігін түсіндірді. Оның сөзіне қарағанда, «сән-салтанат» салығы жиынтық құны 450 млн теңге болатын жылжымайтын мүлік иелеріне қатысты болмақ. Мұндай мүлік иелері үшін салық салу межесі бойынша мөлшерлеме 2 пайызды құрайды. Бұл туралы «Біз есептеу жүргізген кезде 450 млн теңге шамамен миллион доллар болды. Бұл — қазіргі меженің ең жоғары шегі. Мөлшерлеме құн мен пәтер санына байланысты. Мәселен, 15 млн теңге болса, онда мөлшерлеме – 0,1 пайыз. Яғни құны бойынша шамамен 1 500 теңге болады. Егер мұндай 100 пәтер болса, онда бұл 450 млн теңгеден көп. Демек мөлшерлеме 2 пайыз болады. Әрбір жекелеген жағдай дербес қаралады» деді ол.
Айта кетейік, қазіргі Салық кодексі бойынша ондаған пәтері бар азаматтар әр мүлкіне жеке-жеке салық төлейді. Ал жаңа Салық кодексі қабылданған жағдайда оларға салықты көп төлеуге тура келмек.

Ж.БАЛАУСА.