ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ ЖАҢА КӘСІПОРЫН АШЫЛДЫ
Инвесторларға жайлы жағдай жасау — жергілікті атқарушы билікке жүктеліп отырған маңызды міндеттердің бірі де бірегейі. Жасыратыны жоқ, бұл тұрғыдан келгенде, Шымкенттің ауыз толтырып айтар жетістіктері аз емес. Күні бүгінге дейін қала аумағында импортты алмастыруға мүмкіндік беретін бірнеше кәсіпорын жұмысын бастады. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келе жатыр. Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты тарқатуды жөн санап отырмыз…
Өткен аптада Шымкент қаласындағы сауда-логистикалық орталық аумағында «Coca-Cola Kazakhstan» сусын өндіру зауытының салтанатты ашылуы өтті. Ауқымды инвестициялық жобаның іске қосылуына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Мегаполис басшысы бұл жобаның қала дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті. Нақтырағы, өз сөзінде «Инвестициялық климатты жақсарту — мегаполистің дамуындағы негізгі бағыттардың бірі. Біз үшін әрбір инвестициялық жоба маңызды, сондықтан әлеуетті инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге қашанда дайынбыз» деді Ғабит Сыздықбеков.
Жобаның құны — 27 млрд теңге, ал жылдық өндірістік қуаты – 283 млн литр өнім. Кәсіпорын 150-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Компанияның өнім ассортиментінде газдалған және газдалмаған сусындар, салқын шай және әртүрлі көлемдегі шырындар бар. Жалпы мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларының арқасында жыл сайын жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындары көбейіп келеді. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша қала экономикасына 661,7 млрд теңге инвестиция тартылып, өнеркәсіптік кәсіпорындар шығарған өнім көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеден асты.