ҚАУІП ПЕН ҚАЖЕТТІЛІК: САНДАР НЕ ДЕЙДІ?

Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы белсенді талқылануда және басты алаңдаушылық экология мен қауіпсіздікке байланысты болып отыр. Көпшілік Чернобыль мен Фукусимадағы апатты еске алады. Дегенмен мұндай апаттардың қайталану мүмкіндігі аз, сол сияқты аса қауіп төндіретін электр станцияларының басқа түрлері бар. Осы орайда, Energyprom.kz ресурсы қандай электр станциялары ең қауіпті және қоршаған ортаны ластайтыны туралы зерттеу жүргізген екен. Тарқатайық…

«Our World In Data» деректерін пайдалана отырып, зерттеушілер ешқандай энергия көзі толығымен қауіпсіз емес екенін атап өтеді. Олардың барлығы адам денсаулығы мен климатқа әсер етеді, бірақ әртүрлі жолдармен. Қазба отындары, яғни көмір, қоңыр көмір, мұнай — қысқа мерзімде ең көп парниктік газдар шығаратын ең лас және қауіпті энергия көзі. Көмір электр станцияларынан өндірілген электр энергиясының бірлігіне шаққандағы өлім-жітім 32,7 және 24,6-ға жетеді. Қазақстанда көмірмен жұмыс істейтін ЖЭС-те барлық электр энергиясының 77 пайыздан астамы өндіріледі, бұл елді жоғары тәуекел аймағына қояды. Қазба отындарынан айырмашылығы, атом энергиясы мен жаңартылатын энергия әлдеқайда қауіпсіз. Жел, атом және күн электр станцияларында өлім-жітім аз. Атом энергетикасы қоңыр көмірге қарағанда 99,9 пайызға, көмірге қарағанда 99,8 пайызға, мұнайға қарағанда 99,7 пайызға және газға қарағанда 97,6 пайызға аз өлімге әкеледі.
Энергия көздерінің тұрақтылығы да маңызды. Жасыл энергетика қауіпсіз. Көмір тағы да ластану бойынша көш бастап келеді, ядролық отынға қарағанда 100 есе көп парниктік газдар шығарады. Көмір электр станцияларынан көмірқышқыл газының шығарындылары 1 ГВт/сағатқа 970 тоннаны, мұнайдан 720 тоннаны, газдан 440 тоннаны, биомассадан 78-230 тоннаны, күн электр станцияларынан 53 тоннаны, гидроэлектро станциялардан 24 тоннаны, жел электр станцияларынан 11 тоннаны құрайды, ал атом электр станцияларынан — барлығы 6 тонна газ шығады. Осылайша, атом электр станциялары қауіпсіз және экологиялық таза болып отыр.