ЕРЕКШЕ ЖАНДАР БІРНЕШЕ СПОРТ ТҮРІНЕН САЙЫСҚА ТҮСТІ

Әрбір азамат – қоғамның ажырамас бөлшегі. Бұл қатарға ерекше қажеттілігі бар жандар да жатады. Бүгінде тағдырдың түрлі сынағымен қоларбаға таңылған немесе өзге де мүмкіндіктері шектелген азаматтарды қоғамға бейімдеу мақсатында қыруар іс атқарылып келеді. Оларға мемлекеттік қызмет көрсету бойынша да арнайы жобалар бар. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы билік тарапынан қолға алынатын шаралар аз емес.

Мәселен, жуырда Түркістан қаласында ерекше қажеттілігі бар жандар арасында спорт түрлерінен ашық біріншілік өтті. Спорт шарасына 80-ге жуық азамат қатысып, дойбы, тоғызқұмалақ, шахмат пен қол күресінен сайысқа түсті. Шараның мақсаты – ерекше қажеттілігі бар азаматтарды спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға баулу, қоғамдық белсенді өмір сүруге тарту. Жиында сөз алған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев спорт сайысына қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі. Өз сөзінде «Баршаңызды еліміздің Ата заңы – Конституция күнімен құттықтаймын! Айтулы мереке қарсаңында ұйымдастырылған бұл сайыс – әр спортшының өз шеберлігін көрсетуге мүмкіндік береді. Сіздердің жарысқа қатысуға үлкен белсенділік танытып отырғандарыңызға өте қуаныштымын. Баршаңызға сәттілік тілеймін» деді Қадырболат Қабдырұлы.
Бұл сайыс қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады десек, артық айтқанымыз емес. Шаршы топта жүздескен ерекше қажеттілігі бар жандар өз өнерлерін, қабілеттерін паш етті. Дода тартысты өтті десек, артық айтпаған болар едік. Жарыс қорытындысында командалық есепте «Орталық» командасы 1-орынды иеленсе, 2-орынды «Түркістан» командасы, 3-орынды «Батыс» командасы еншіледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер түрлі марапаттарға ие болды.