ҚОС КІТАПТЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

Кітап – рухани азық. Бүгінде қоғам қанша дамығанымен, ұлттық руханиятқа әсер ететін, адамның танымын кеңейтіп, санасын сілкінтетін кітаптарға деген құрмет кеміген емес. Керісінше, уақыт өткен сайын өзекті болып келеді. Өйткені тарихтың шындығы мен замананың ащы ақиқатын қара сөзбен оқырман қауымға жеткізетін – тек кітап қана. Сондықтан үздік шығып, көптің көңілінен шыққан шығармалар қашан да сұранысқа ие. Қала берді, кітап басудан бастап оқырман назарына ұсыну ісі де қашан да қолдау тапқан, таба бермек те.

Осы орайда, жуырда Шымкент қаласындағы Әл Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында белгілі ақын Әкім Ысқақтың «Темір генерал» кітабының және Ғалымжан Битұрсынның «Өмірді сүй. Адамды құрметте» атты жинағының тұсаукесері рәсімі өтті. Белгілі қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері, бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты Әкім Ысқақтың «Темір генерал» кітабы Ұлы Отан соғысында қаһармандықпен қаза тапқан Кеңестер Одағының Батыры, Қазақстан мен Орталық Азия халықтары арасынан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Рақымов жайында жазылған. Ал заңгер, ғалым, қаламгер, Тәшенев университетінің проректоры Ғалымжан Битұрсынның кітабы ізгілікке, өмірге деген құштарлыққа құрылған. Оқырмандар мен кітап жанашырларының басы қосылған жиын рухани, мәдени кешпен ұласты. Әуелі жыр жинақтары таныстырылып, көпшілікке үлестірілген соң Әкім Ысқақтың сөзіне жазылған әндер жанды дауыста шырқалды.
Кітапхананың тұрақты оқырманы Жайна Мұратқызы әрбір кештің куәсі болатынын, әрі оның жоғары деңгейде өтетінін айтып ыстық ықыласын білдірді. Өз сөзінде «Кітапхана екінші үйім тәрізді. Жиі келемін. Кітапхана қоры жаңа кітаптармен толысып жатқанына қуаныштымын. Жай отырмай қос кітаптың мазмұнымен таныстым. Адам өмір бойы ізгілікке, қуанышқа ұмтылады. Өмір жеңісіне жетсем дейді. Кітап өмір құндылығына жетелейтін ізгі кездесулер, шығармашылық жұмыстар, адамдар арасындағы сыйластық, тілеулестік көңілге арналады. Екі кітап та қалың көпшілікке арналған» дейді Жайна Мұратқызы. Әкім Ысқақтың бұған дейінгі «Тұңғыш генерал» кітабы жаңа материалдарымен толықтырылып, екінші кітап «Темір генерал» деген атпен жарияланған. Кітапта қазақ пен өзбекке тел өскен батыр туралы ұзақ жылдар бойғы зерттеулерімен қоса жаңа ізденістерін оқырмандарымен шынайы бөліседі. Батырлығына, қайсарлығына байланысты «Темір генерал» деген атты Сталиннің өзі қойған. Кітаптың «Жатқа кеткен жампоздар» атты бөлімінде Сабырдан бөлек өзге ұлтқа телініп кеткен Кеңес Одағының батыры атанған қандастарымыз туралы да жазылған.