ҚАЛА ӘКІМІ БІРҚАТАР НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ
Шымкент – халық саны миллионнан асатын мегаполис. Қала берді, тұрғындар саны күн санап өсіп жатыр. Сәйкесінше, бұл үрдіс қаладағы инженерлік инфрақұрылымға ауқымды салмақ салады. Әсіресе, жол инфрақұрылымын жетілдіре түсу керек. Өйткені қалада халық саны өскен сайын, кептелістің көбейері анық. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары бұл түйткілдің түйінін ағыту бойынша кешенді шаралар қолға алынды. Ірі нысандар да салынды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Ал атқарылған жұмыстар қала әкімінің тікелей бақылауында десек, қателеспейміз.
Осы орайда, жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаладағы бірнеше құрылыс нысандарын аралады. Қала әкімі ең алдымен Қонаев даңғылы жалғасының екінші кезеңі бойынша құрылыс барысын тексерді. Биыл жыл соңына дейін Терешков көшесінен Әйтеке биге дейінгі аумақты көлік қозғалысына ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Әл-Фараби ауданы, Әйтеке би көшесіндегі сауда орындарының қасбеттерін бірыңғай жобалық кодекске сәйкес ретке келтіру жұмыстарын бақылады. Жауапты мамандарға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеп, оның ішінде жаяу жүргіншілер жолын абаттандыру мен көріктендіруге баса назар аудару қажет екендігін атап өтті.
Одан әрі Қаратау ауданы, Нұрсат шағынауданында көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін жөндеу жұмыстарымен танысты. Мердігер ұйым өкілдеріне барлық жұмысты тиімді жүргізіп, бекітілген мерзімінде аяқтауды тапсырды. Бұдан бөлек, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Абай ауданындағы Шымкент сити шағынауданының тұрғындарымен кездесті. Әңгімелесу барысында аула аумағын ретке келтіру, бейнекамера орнату және қосу, жылыту маусымына дайындық, сондай-ақ қоғамдық көлік, жасыл желекті суару және қоқыс шығару мәселелері талқыланды. Аралау соңында қала әкімі тұрғындарды тазалық пен тәртіпті сақтауға шақырды. Сонымен қатар көтерілген мәселелер бойынша заң аясында жұмыстар атқарылатынын алға тартты.