ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРДЫҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫН ТЕКСЕРДІ
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков шаһарға қарасты сектор тұрғындарымен жиі кездесіп, қала берді, атқарылған жұмыстардың жай-жапсарын тексеріп, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатқанына біраз болды. Кездесуде көтерілген келелі мәселелер де тез арада шешімін тауып жатыр. Бүгінгі материалымызда дәл осындай бақылау шарасы турасында тарқата баяндамақпыз…
Кезекті аралауды қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков М.Әбенова көшесіндегі кәріз жүйесінің құрылысынан бастады. «Capital Construction Projects Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жоба бойынша 1600 метрге темірбетон құбырларын жүргізуді қолға алып, 1200 метрде жұмысты соңына жеткізді. Қазіргі таңда құрылыс 400 метрде жалғасуда. Мердігер қажетті жабдықтардың жеткізілгенін, сапа талаптарының сақталып жатқанын баяндады. Нұрбол Әбдісаттарұлы техникалық қадағалаушы мекеме өкілінің де есебін тыңдап, нысанның өндірістік кестеден кешікпей тапсырылуы қажеттігін ескертті. Қазіргі таңда Түркістан қаласында орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған абоненттер саны – 16 336. Бұл қала тұрғындарының 36,5 пайызын құрайды. Аталған көрсеткішті жыл қорытындысымен 55,8 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Осыған сай, бүгінде 17 жоба әзірленіп, 11 нысанның құрылысы жүзеге асуда. Сонымен қатар 4 нысанның жобалау-сметалық құжаттары республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылған.
Мәдениет үйінің құрылысын бақылау барысында Нұрбол Әбдісаттарұлы жұмысшыларды көбейту қажеттігін тағы ескертті. Қабырғасы қаланып біткен екіқабатты ғимараттың ішкі әрлеуіне, шатыр жабу, терезе орнату жұмыстарына бүгінгі таңда 40-тан астам құрылысшы жұмылдырылған. Аумағы 1,13 гектарды құрайтын 500 орынға шақталған мәдениет үйінде демалыс аймағы, автотұрақ және балалар ойын алаңшасын салу да қарастырылған. Шаһар басшысы тиісті сала жетекшілеріне Мәдениет үйінің айналасын абаттандыру бойынша ұсыныс беруді тапсырды.