ТУРИСТЕР ҚАУІПСІЗДІГІНЕ БАСА КӨҢІЛ БӨЛІНІП ОТЫР

Түркістан қаласы еліміздегі туристер жиі келетін қалалардың қатарына кіреді. Сондықтан қаладағы қызмет көрсету саласын дамытумен қатар, қауіпсіздік мәселесіне де жіті қарау қажет. Өйткені туристер қауіпті һәм қылмыс көп қалаларға келмейді. Бұл тұрғыдан келгенде, тарихи шаһарда қолға алынып жатқан шаралар шаш-етектен. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқатпақпыз…

Қазіргі уақытта Түркістан қаласында 25 туристік полиция қызметкері жұмыс істейді. Рухани астанаға келуші қонақтар мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат еткен мамандарға арнайы нысанды киім, құрал-жабдықтар мен қажетті техникалар берілген. Туристік тәртіп сақшылары – Қ.А.Ясауи кесенесі, «Керуен сарай» кешені, Президент саябағы аумағын сағат 08:00-ден 24:00-ге дейін екі ауысыммен бақылап, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алады. Көмек қажет болған жағдайда қол ұшын созады. Нәтиже де жаман емес. Мәселен, соңғы бір айда аталған туристік полиция қызметіне шамамен 650-ден аса азамат жүгінген. Мамандардың айтуынша, туристер мен қонақтар «Түркістанда қандай қонақ үйге тоқтауға болады?», «Көші-қон полициясы қайда орналасқан?» және бір нүктеден екінші нүктеге қалай жетуге болатыны жайындағы сұрақтармен жиі келеді.
Айта кетейік, мұндағы қызметкерлер жедел әрекетке дайын жас мамандардан құралған. Олар ана тілімізден бөлек, орыс, түрік, қытай, ағылшын тілдерін және қала тарихын жетік меңгерген. Жалпы Түркістан қаласына келетін қонақтар мен саяхатшылардың саны жылдан-жылға артып барады. Мұның өзі қаладағы қонақ үйлерге ауқымды салмақ салатыны айқын. Сондықтан бұл бағыттағы мәселелерді шешу мақсатында бірнеше шаралар қолға алынып жатыр. Демек жақын болашақта біз сөз еткен түйткілдің шешімін табатыны айқын.