ЖАҢА АЛАҢДА ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ФУТБОЛДАН БІРІНШІЛІК ӨТТІ

Түркістан қаласында бұқаралық спортты дамыту мақсатында қыруар іс атқарылып келе жатыр. Оның ішінде халықтың бос уақытын тиімді пайдалану үшін игі шаралар атқарылып келеді. Мәселен, жуырда «Отырар» тұрғын алабына қарасты Сүгір Әлиұлы көшесінде жаңа ашық алаң пайдалануға берілді. Осыған орай, қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының» ұйымдастыруымен футболдан 2012-2013 жылғы жасөспірімдер арасында біріншілік өтті.

Спорттық шараға қатысқан қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев пен мәслихат депутаттары сектор тұрғындарымен тілдесіп, мәселелерін тыңдады. Футбол жарысының ашылу салтанатында сөз сөйлеп, жас спортшыларға тілектерін білдірді. Сайысқа облыс орталығының әр секторынан құралған 6 команда қатысып, Шауғар тұрғын алабының жас футболшылары 1-орынды иеленді. «Отырар» секторына 2-орын, «Сауран» секторына 3-орын бұйырды. Жалпы Түркістан қаласында 130-дан аса ашық алаң бар. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында бейсенбі-жұма күндері «Жазғы демалыс спортпен» ұранымен ашық алаң ойындары ұйымдастырылып келеді. Аталған ойынның ақтық сайысы 23 тамыз күні О.Жарылқапов атындағы стадионда «Спорт күні» мерекесіне орай өткізіледі.
Айта кетейік, тарихи қалада спортты, оның ішінде бұқаралық спортты дамытуға бағытталған шаралар белсенді жүзеге асырылып келе жатыр. Спортқа бөлінетін көңіл де аз емес. Соның нәтижесі болса керек, бүгінде республикалық һәм халықаралық деңгейде өтетін түрлі шараларда түркістандық өрендер топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп келеді.