АНАЛАР КЕҢЕСІ ӘЛЕУМЕТТІК КЕСЕЛМЕН КҮРЕСКЕ КҮШ САЛАДЫ
Бүгінде елімізде ынтымақ пен бірлікті насихаттау, сонымен қатар қоғам арасындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған түрлі бастамаларға қолдау білдіруде Қазақстан халқы Ассамблеясы айрықша белсенділік танытып келе жатыр. Бүгінде аталған құрылым жанынан құрылған бірнеше кеңес бар. Оның ішінде Аналар кеңесі ұлттық руханиятты сақтау, ұрпақ тәрбиесін қолға алу сынды маңызды бағыттарда белсенді жұмыс істеп келе жатыр. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…
Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің ІІІ тоқсандық отырысы өтті. Аталған кеңес отырысына Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова және кеңес мүшелері, Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиал қызметкерлері, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» психолог маманы М.Оразбай, инспектор А.Ашетова және Көксәйек елді мекенінде орналасқан Төлеби жалпы орта мектебінің ұстаздары қатысты. Күн тәртібінде «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлу, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік, нашақорлық, құмарпаздық немесе лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу тақырыптары қаралды.
Отырысты Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова жүргізіп отырды. Жиын барысында жоғарыда аталған жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік, нашақорлық, құмарпаздық, тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу туралы баяндама жасап, алдағы жоспарларды пысықтады. Сонымен қатар аудандық шешен этномәдени бірлестігінің мүшесі Шаухалова Хава Хусенқызының «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлу, қолдау тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды. Кеңес мүшелері жиынға арқау болған тақырыптар турасында өз пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ қоғамдық кеселдермен күресте ұлттық тәрбие мен ұлт руханиятының маңызды екеніне де тоқталды. Жиын соңында Төлеби аудандық Аналар кеңесінің төрайымы этностар арасындағы татулықты сақтау үшін, этносаралық қақтығыстарға жол бермеуге шақырып, жиынға қатысушылардың дендеріне саулық, еңбектеріне табыс тіледі.