ТҮРКІСТАНДА ОЙЫН БИЗНЕСІ МЕН СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ЖАҢА ЗАҢ БОЙЫНША МӘЖІЛІС ӨТТІ

Жастар – еліміздің ертеңі. Сондықтан мемлекетімізде олардың жан-жақты болуына барлық жағдай жасалып келе жатыр. Қазіргі уақытта білім аламын, кәсіп ашамын деген жастарға түрлі бағдарламалар бар. Қала берді, шетелде білім алу мен тәжірибені ұштауға да мүмкіндік қарастырылған. Жастар орталықтары да белсенді жұмыс істеп келе жатыр. Әрине, атқарылып жатқан жұмыстарды тізіп жаза беруге де болады. Десе де бәсекеге қабілетті, білімді жастарды қалыптастыруға мұның баршасы жеткілікті емес. Өйткені талайды құрығына ілген теріс қылық, жат ағымдар әлі де бар. Ол ол ма, қарапайым адамды өзіне тәуелді етіп, қылмыстың шырмауына іліп беретін оқыс жайттар көбейіп барады. Соның бірі де бірегейі – құмар ойындары. Соңғы жылдары лудоманияның шырмауына түскендердің де саны артқан.

Ашық дереккөздегі ақпараттарға сүйенсек, елімізде құмар ойынына кіргендердің орташа қарызы 10 миллион теңгеден басталады. Ал 10 ерлі-зайыптылардың 7-еуі құмар ойындарының кесірінен ажырасады. Одан бөлек, қылмыстық құқық бұзушылықтар мен өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары, қарызға батқандарды жиі физикалық зорлықпен қорқыту әрекеттері орын алуда. Бұл ғана емес, 350 мыңға жуық қазақстандық қазірдің өзінде құмар ойынының құлына айналған. Олардың көпшілігі — жасөспірімдер. Қазақстандағы казинолар мен букмекерлік кеңселердің жылдық қаржылық айналымы да көз ілеспес жылдамдықпен өсіп келе жатыр. Мәселен, 2020 жылы саладағы қаржы айналымы 89 млрд теңге болса, 2022 жылы 500 млрд теңгені құраған. Ал 2023 жылы бұл қаржы бірден 1 трлн теңгеге өсіп шыға келген. Қарап отырсақ, осы сандардың өзі қоғамдағы лудоманияның қаншалықты тамыр жайып келе жатқанын аңғартады. Сондықтан бұл мәселе мемлекеттік деңгейде көтерілді. Нақтырағы, Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев лудоманияны «қауіпті кесел» деп атады. Сонымен қатар өз сөзінде «Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді» деді Президент. Қош делік, мемлекет басшысы тілге тиек еткен мәселе бойынша қоғамда кеңінен талқылаудың жүргені белгілі. Артынша арнайы заң да қабылданды.
Тарқата баяндасақ, мемлекет басшысы шілде айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бүгінде аталған заң жобасының талаптары талқыланып, кеңінен түсіндіріп жатыр. Мәселен, жуырда Түркістан облысы әкімі аппарататының басшысы Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен арнайы мәжіліс өтті. Күн тәртібінде қоғамдағы өзекті мәселеге айналып отырған құмар ойындары туралы Заңмен қатар, ішкі тәртіп мәселелері де талқыланды. Спикердің айтуынша, аталған Заңның 17-тармағына сәйкес, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына тиісті толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың лауазымды адамдардың, сондай-ақ көрсетілген функцияларды орындауға уәкілеттік берілген кандидаттар болып табылатын адамдардың өз өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануына әкеп соғуы мүмкін әрекеттерді жасауына жол бермеу мақсатында өздеріне «Ойын бизнесі туралы» ҚР Заңында көзделген анықтамаға жататын ойын мекемелерінде құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысу, сол сияқты құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге сол үшін бөлінбеген орындарда қатысу немесе телекоммуникация желілерін, оның ішінде Интернет желісін пайдалану арқылы өткізілетін құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдау көзделген.
Аталған Заңмен белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер биылғы 9 қыркүйекте қолданысқа енгізілген сәттен бастап, аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармалардың персоналды басқару қызметтері мемлекеттік қызметшілерден, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардан жазбаша нысанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерін қабылдау бойынша тиісті жұмыстарды атқару қажет. ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының талаптарына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдамауы лауазымға қабылдаудан бас тартуға не жұмыстан шығаруға (атқарып жүрген лауазымынан босатуға, өкілеттіктерін тоқтатуға) негіз болып саналады. Аппарат басшысы Заң қолданысқа енгізілген мерзімге дейін аудан қала әкімдіктері және облыстық басқарма басшылары мен мемлекеттік қызметшілер арасында тиісті түсіндірме және құқықтық оқыту жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар жан-жақты түсіндіріп, осы Заңның қабылдануына байланысты барлық азаматты талаптарды сақтауға шақырды.
Жалпы жоғарыда атап айтқан Заң жобасы шеңберінде елімізде бірқатар шектеулер енгізілетінін айта кеткеніміз жөн. Заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізіледі. Атап айтқанда, құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар (атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер туралы мәліметтерді қамтитын электрондық деректер банкі) қосылды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады. Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатыса алмайды. Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған. Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері де күшейтілді. Туризм және спорт министрлігі ойын мекемесінің, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың, ставкаларды қабылдау және құмар ойындардың немесе бәс тігудің бірыңғай ережелерін бекітеді. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды сыртқы жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино -, видео- және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынады. Тек букмекерлік кеңсе немесе тотализатор орналасқан жердегі сыртқы жарнамаға, спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың киімінде, спорттық тақырыпқа маманданған және ресми тіркелген БАҚ-та, сондай-ақ отандық телеарналар халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляция жасаған кезде жарнамалауға рұқсат етіледі. Сонымен қатар лотерея қызметін реттеу тетіктері жаңартылды. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ғибадат үйлерінде, мәдениет ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстарында, әлеуметтік объектілерде (білім беру, денсаулық сақтау), сондай-ақ олардан жүз метр қашықтықтағы радиуста лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады. Өскелең ұрпақтың денсаулығын энергетикалық сусындардың зиянды салдарынан қорғау үшін мұндай сусындарды 21 жасқа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салынады.
Түйткілді түйінмен күрес шаралары мұнымен тоқтап қалмақ емес. Ел билігі 2026 жылға қарай құмар ойынға құмартушылар санын екі есеге дейін қысқартпақшы. Осы орайда құмар ойындарға тәуелділер мемлекет есебінен тегін емделіп, медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамтылатын болады. Бұл мақсатта бюджеттен 80 млн теңгеден астам қаржы бөлінеді. Туризм және спорт министрлігі Қазақстан Республикасында заңсыз ойын бизнесі мен людоманияға қарсы іс-қимылдың 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын дайындады. Заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс қимыл жөніндегі кешенді жоспар төрт бағыт бойынша 44 іс шараны көздейді. Олар — Қазақстанда құмар ойындар мен бәс тігудің себептері мен ауқымы туралы республикалық әлеуметтік зерттеу жүргізу, лудоманиямен ауыратын азаматтарға консультациялық көмек көрсету бойынша интерактивті сайтты іске қосу, жарнама туралы, байланыс туралы заңнамаға букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасын жіберуге тыйым салуды енгізу бөлігінде өзгерістер енгізу және құмар ойындарға тәуелділіктен зардап шегетін адамдарды медициналық оңалту жөніндегі қызметті лицензиялауды ұйымдастыру. Бұл іс-шараларға республикалық бюджеттен 2024 жылдан 2026 жылға дейін 80,9 млн теңге бөлінеді. Бұл ақша Қазақстандағы лудомандар санын екі есе азайтуға мүмкіндік береді. Жалпы бұл мәселемен күрестің елімізде қолға алынғанына біраз болды. Мәселен, жыл басынан бері Қазақстанда жарнама және казино қызметіне қатысты 5 мыңнан астам сайттар мен сілтемелер бұғатталды. Сондай-ақ 2021 жылдан бері ел билігі 36 ойын мекемесінің, оның ішінде 28 букмекерлік кеңсе мен алты тотализаторды лицензиядан айырды.
Іске асқан шараларға келсек, бүгінде қазақстандықтар eGov mobile арқылы өздеріне құмар ойын ойнауға тыйым сала алады. Электронды жүйе арқылы ойын мекемелеріне және букмекерлік кеңселердің сайттарына кіруге 6 айдан 12 айға дейін тыйым салуға болады. Жаңа қызмет өтінімдерді өңдеуге кететін уақытты айтарлықтай азайтады және құмар ойындардан бас тарту процесін жеңілдетеді. Бұл кез-келген азаматқа, әсіресе шамадан тыс ойнауға бейім адамдарға, ҚР юрисдикциясы аясында лицензия алған барлық ресми ойын алаңдары мен онлайн-букмекерлік платформаларды қолдануды шектеуге мүмкіндік береді. Бастама туралы бұған дейін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма Төрағасы Ростислав Коняшкин «eGov mobile қосымшасы арқылы құмар ойындарға қатысуды және бәс тігуді өз бетінше шектеу бойынша қызмет көрсету соңғы уақытта қоғамның өте өзекті мәселесіне айналған лудоманиямен күрестегі құралдардың бірі болып табылады. Жаңа қызмет пайдаланушыларға құмар ойындарға қатысуын бақылауға және оларға қол жеткізуге шектеулер қоюға мүмкіндік береді, бұл қаржылық проблемалар мен лудоманиямен байланысты жеке мәселелерді айтарлықтай төмендетеді» деп атап өткен болатын. Айта кету керек, егер қызметті алуға өтінім бұрын берілген болса, қызметті қайта алуға болады. Яғни қайта өтінім берген кезде бұрынғы өтінім туралы ақпараттық хабарлама көрсетіледі, «Иә» сөзін басқан кезде қызметті қайтадан алуға болады, осылайша оның мерзімін ұзартуға болады. Өтінім бергеннен кейін сервис өтінімді тіркейді және қолданушы құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан шектелген адамдар тізіміне өтінімді қайтарып алу құқығынсыз енгізіледі. Ойын бизнесі субъектілерінің әрбір сұрау салуы тізімде тұрған адамдардың өзге де жеке деректерін жарияламай ЖСН деректемелері бойынша жеке өңделетін болады. Ойын бизнесі субъектілерінде тізіміне қолжетімділік болмайды.
Жалпы кез келген түйткілді түйінді толыққанды ақпарат беру арқылы жоюға болады. Өйткені елімізде құмар ойындарының зардаптарын білмей, бастапқыда қызығушылықпен кіріп, артынша тәуелді болып қалғандардың саны көп. Сондықтан бұл ойынның зардаптары, лудомандардың ортақ белгілері, адам баласына тигізер әсері турасындағы ақпараттық насихат жұмыстары қарқынды жүргізіліп келе жатыр. Бір ғана Түркістан облысында жыл басынан бері ойынқұмарлықтың алдын алуға бағытталған ондаған іс-шара өтті. Онда қоғамның кеселіне айналып отырған мәселе жайлы кеңінен ақпараттар берілді. Құқық қорғау органы қызметкерлері, ақсақалдар ұйымдарының мүшелері, педагогтер мен психологтарды біріктірген насихат топтары ауылдар мен елді мекендерге арнайы ат басын бұрды. Мектептер мен орта арнаулы оқу орындарында да түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мәселемен күреске жастар орталықтары да белсенді араласып келеді. Бұған дейін күнгейде бос уақытты тиімді ұйымдастыру мен құмар ойыннан келетін қауіптің алдын алуды көздейтін көптеген шаралар өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы филиалдары жанындағы Аналар кеңесі де кесімді пікір, өткір ой, ұтымды ұсыныс айтып, жастарды жат қылықтан сақтандыруға үлес қосты. Біз сөз еткен бағыттағы шаралар мен бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Өйткені алдымызда құмарға құмартушылар санын бірнеше есеге азайту сынды ауқымды міндет, жауапты жұмыс тұр.