ФОСФОРШЫЛАР САРАЙЫНЫҢ ОРНЫНДА СӘУЛЕТТІ НЫСАН БОЙ КӨТЕРЕДІ
Шымкент – тарихы тереңнен бастау алатын алып қала. Шаһар күннен күнге көркейіп, дамып келеді. Дегенмен көненің көзі, өткеннің ізі саналатын, пайдалануға жарамайтын ескі нысандар да баршылық. Бұл, өз кезегінде, қаланың көркіне нұқсан келтіреді. Сондықтан да тиісті жұмыстар қолға алынып, аталған түйткілдің түйіні тарқатылуы тиіс. Қалың оқырманның жадында болса, бұған дейін дәл осы мәселе қаладағы Фосфоршылар сарайына қатысты да айтылған еді. Енді, міне, тиісті шаралар атқарылып отыр. Тарқатайық…
Фосфоршылар сарайы бұзылатын болды. Кезінде жеке меншікке өтіп, кейін мүлдем қараусыз қалған мәдениет ордасы талан- таражға түсіп, мүлдем жарамсыз болып қалғанына да біраз жыл болды. Сол себепті де қаланың көркін бұзып тұрған нысан 2023 жылдың қараша айында коммуналдық меншікке өткен болатын. Кейін сарапшылар сарайдың жай-күйін зерделей келе, нысанды қалпына келтіру мүмкін еместігін айтты. Осыдан кейін 1975 жылы салынған Мәдениет сарайының ғимаратын бұзу туралы шешім қабылданды. Қабылданған шешім бойынша қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы мен Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері бірігіп, «Фосфоршылар сарайының» ғимаратына қатысты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын да жүргізді. Енді ескі ғимараттың орнына бұрынғы тарихи келбеті сақталған, заманауи мәдениет сарайы салынады.
Нысанның құрлысымен «Сәби» қайырымдылық қоры айналыспақ. Құрылысты күзде бастау жоспарланып отырғанын да айта кетейік. Бүгінде қордың тапсырысы бойынша мәдениет сарайының дизайн-жобасы әзірленді. Жобаға сәйкес, ғимарат көркем ромб пішінде, ою-өрнектермен көмкеріліп, тарихи және заманауи нақыштарды үйлестіре отырып салынбақ. Жаңа мәдениет сарайында өнерге, түрлі кәсіптік бағытқа баулитын үйірмелер жұмыс істейтін болады. Көпшілік көз айымына айналатын орталық аумағы абаттандырылады, маңына жасыл желек отырғызылады. Сондай-ақ жобада субұрқақтар мен аллеялар, балалар және спорт алаңдары да қарастырылған.