ЖҮРЕК ТРАНСПЛАНТАЦИЯСЫ СӘТТІ ЖАСАЛДЫ
Бүгінде қоғам өмірінде медицина саласының маңызы айрықша. Әсіресе, әлемді жайлаған пандемиядан кейін бұл саланың маңызы арта түсті. Тіпті, мемлекет басшысының бастамасымен арнайы бағдарлама қабылданып, саланың мүмкіндігін арттыру шаралары қолға алынды. Нәтижесінде жүзеге асып жатқан жұмыстар аз емес. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру, медициналық мекемелердің қызмет сапасын жақсарту, материалдық-техникалық базаны нығайту жұмыстары қарқын алды.
Осының арқасында қол жеткізген жетістіктеріміз аз емес. Мәселен, жуырда Шымкент қаласындағы «Жүрек» орталығында дәрігерлер жүрек трансплантациясын сәтті жасап шықты. 58 жастағы қала тұрғыны көптен бері жүрек алмастыру сәтін күтіп жатқан болатын. Ал дәрігерлер пациентке күні кеше жол апатынан қаза тапқан жеткіншектің жүрегін салып берді. Жас өмірі қиылған 18 жастағы жас жігіт тек бір адамның өмірін ұзартқан жоқ, оның 4 ағзасы мұқтаж науқастарға бөлінген. Ал ең маңызды ағза — жүрегі ауыстырылған науқас отадан кейін реанимация бөлімшесіне ауыстырылды. Дәрігерлер жүрегі алмастырылған пациент есін жиып, жағдайы жақсарғанын да мәлімдеді.
Айта кетейік, мәйіттен алынған жүрек трансплантациясы Шымкентте екінші рет жасалды. Бұл жолы қаладағы «Жүрек» орталығының қызметкерлері ағза алмастыру отасын өз күшімен жасап шықты. Мұндай жоғары технологиялық операциялар мемлекет тарапынан тегін жасалады.