АДАМ САУДАСЫ – АДАМЗАТ АЛДЫНДАҒЫ АУҚЫМДЫ МӘСЕЛЕ
Адам саудасы – әлемді алаңдатып отырған өзекті мәселе. Бүгінде бұл қылмыс түрімен күресте халықаралық қауымдастықтар ауқымды шараларды жүзеге асырып келеді. Мемлекетаралық келісімдер де жасалып, тиісті шаралар көрілуде. Бұл тұрғыдан келгенде, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…
Шымкентте 30 шілде – Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қаладағы перинаталдық орталық жұмысшыларымен ақпараттық профилактикалық кездесу өткізді. Кездесуде адам саудасының түрлері мен ол үшін заңмен қарастырылған жауапкершілік туралы түсіндіріліп, аталған ауыр қылмысқа қарсы бірлесіп әрекет ету жайында айтылды. Сонымен қатар жиын қатысушыларына осы тақырыптағы жадынамалар таратылды. Бұл бағыттағы іс-шараларға тәртіп сақшыларынан бөлек, «Сана сезім» әйелдер бастамалық құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігінің мамандары да жұмылдырылды. Олар теміржол вокзалында шоғырланған халыққа да түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, адам саудасының алдын алуға бағытталған ақпараттық парақшаларды таратты.
Мұндағы басты мақсат – адам саудасының алдын алу, азаматтар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу арқылы олардың ақпараттық қорын кеңейту. Өйткені адамдардың хабардар болуы және күдікті жағдайларды дер кезінде тану қабілеті көптеген өмірді сақтап қалуы мүмкін. Сондықтан да елімізде ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізудің маңызы айрықша.