КРЕДИТ ПЕН ШАҒЫН НЕСИЕНІҢ ПАЙЫЗДЫҚ СТАВКАСЫ ТӨМЕНДЕЙДІ
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесіп, екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы қарыздар бойынша жылдық тиімді сыйақы ставканы төмендететін қаулы жобасын әзірледі. Қандай жаңашылдық бар? Нендей өзгерістер енбек? Тарқатайық…
Микрокредит бойынша сомасы 45 АЕК немесе 166 140 теңгеге дейінгі, сонымен қатар 45 күнге дейінгі күнделікті номиналды мөлшерлеменің шекті мөлшерін 1 пайыздан 0,3 пайызға дейін төмендету ұсынылады. Сонымен бірге жылдық тиімді ставканың шекті мөлшерін 179 пайыз деңгейінде белгілеу ұсынылады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциалдық реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаевтың айтуынша, жалақыға дейінгі қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемелер шамамен 3 есе төмендейді. Бұған дейін қысқа мерзімді микрокредиттердің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі бойынша еш шектеу болмаған. Мұндай қарыздар бойынша шекті номиналды мөлшерлеме белгіленген. Мысалы, 45 күнде 20 пайыздық мөлшерлемемен нақты жылдық тиімді мөлшерлеме 346 пайыз болатын. Тәулігіне 1 пайыз және 20 пайыздық ставка кезінде 20 күн ішінде ЖЭС 2 600 пайыздан асады.
Бұдан басқа, қазіргі уақытта банктер мен микроқаржы ұйымдарының кепілсіз қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі — 56 пайыз. Бұл мөлшер 2012 жылы белгіленді және содан бері қайта қаралмады. Сондай-ақ әзірленген қаулы жобасы банктердің кепілсіз кредиттері бойынша шекті жылдық мөлшерлемені 56 пайыздан 46 пайызға дейін, кепілді кредиттер бойынша 40 пайыздан 35 пайызға дейін төмендетуді көздейді. Бұл туралы «Кредит ставкасының төмендеуі халықтың борыштық жүктемесінің төмендеуіне ықпал етеді, яғни қазақстандықтар рәсімдейтін барлық жаңа қарыздар анағұрлым төмен мөлшерлемемен болады және тиісінше осы кредиттерге қызмет көрсету құны борыштық жүктеме сияқты төмен болады» дейді Дәурен Сәлімбаев.