ЖАРЫҚТАНДЫРУ КӨРСЕТКІШІ АРТЫП КЕЛЕДІ
Бүгінде Түркістан қаласына келетін туристердің саны артып келеді. Сәйкесінше, келген қонақтарға жағдай жасау бойынша да бірқатар тың бастамалар көтеріліп жатыр. Қаладағы қонақүйлердің қатары артуда. Қызмет көрсету сапасы да жыл өткен сайын жақсара түсуде. Бұл ғана емес, қаланың әдемілігін күннің кез келген уақытында саяхатшыларға көрсету мақсатында жарықтандыру жұмыстары да қарқын алған.
Жалпы облыс орталығы мәртебесін иеленгелі Түркістан қаласының даму қарқыны күшейді. 2020 жылы шаһар көшелерінің 44,6 пайызы жарықтандырылған еді. Ал 2022-2023 жылдар аралығында атқарылған жұмыстардың нәтижесімен қала аумағындағы жарықтандыру көрсеткіші 80 пайызды құрады. Мамандардың мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы құрылысы жоспарланған 218 көшедегі жұмыстар аяқталған соң, қала көшелерінің жарықтандырылуы 95 пайызға жетеді. Бұл шаһар тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі мен қаланы көрікті ету мақсатында жасалып отыр. Сондай-ақ қала аумағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1050 жол белгісі орнатылып, 70-ке жуық көше, мектептер мен балабақшалардың жол таңбаларын жаңарту жұмыстары жүргізілді. 39 орынның жасанды жол кедергілері жаңартылды. Жолаушыларды заңсыз тасымалдаған қоғамдық көліктерге 25-тен аса хаттама толтырылды.
Бір сөзбен айтқанда, саяхатшылардың сүйікті қаласына айналған Түркістанда тындырымды тірлік көп. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.