САЛАЛАРДАҒЫ ЖҰМЫС ҚАРҚЫНЫ САРАЛАНДЫ
2024 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өсім бар. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде айтылды. Өңір басшысы аудан, қала әкімдері мен жауапты басқармаларға инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды жандандыра түсу керектігін ескертті.
Жиында «Мемлекет басшысы биыл экономиканың 6 пайыздық өсімін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Үкімет тарапынан арнайы жоспар түзіліп, негізгі көрсеткіштер бойынша жоспар айқындалған. Барлық аудан, қала әкімі мен басқарма басшылары өздеріне бекітілген индикаторларды орындауы тиіс. Бұл мәселені екі аптада бір рет тұрақты түрде талқылауды тапсырамын. Жұмысты жандандырыңыздар. Бір ғана кәсіпорын немесе зауытқа қарап отыра беруге болмайды. Көрсеткіштер төмендеген аудан, қала басшыларының сылтаулары қабылданбайды. Жаңа кәсіпорындар ашу, инвестиция тарту бағытында жұмысты күшейтіңіздер» деді Дархан Сатыбалды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсеткіштерінің биылғы жартыжылдық қорытындысын баяндады.
Биылғы І тоқсан қорытындысымен облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 927,6 млрд теңгені құрап, өсім 3,7 пайыз деңгейінде қалыптасты. Ал жоғарыда аталған көрсеткіштер бойынша жедел мәліметтер негізінде өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда қысқа мерзімді экономикалық өсім 106,5 пайызды құрады. 6 пайыздық экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша тиісті салалық басқармалар мен департаменттерден Өңірлік жедел штаб құрылған. Үкіметпен айқындалған 6 ай жоспары бір-екі саладан басқа бағыттарда толық орындалды. Өнеркәсіп өнім көлемі 551,6 млрд теңгені құрап, өсім 106,8 пайыз деңгейінде болды. Өнеркәсіп құрылымында негізгі үлес уран өндірісіне тиесілі. Саладағы өсім тау-кен өндірісінде – 103,1 пайыз, тамақ өнімдері – 105,3 пайыз, жеңіл өнеркәсіп – 113,3 пайыз, құрылыс заттары – 108,2 пайыз, машина жасау – 119,2 пайыз болса, жиһаз жасау саласында 2 есе өсім байқалды. Құрылыс жұмыстары көлемі 181,1 млрд теңгеге жетіп, 23,8 пайызға артты. Облыс әкімінің тапсырмасымен тоқсан сайын әлеуметтік-экономикалық даму индикаторлары бойынша рейтингтік бағалау жүргізілуде. Жалпы ІІ тоқсан қорытындысымен 36 индикатордың 32-не қол жеткізілді. Бағалау қорытындысымен Бәйдібек, Сауран, Шардара аудандары үздіктер қатарынан табылды. Мәжілісте аудан, қала әкімдеріне және салалық басқарма басшыларына биылға межеленген жоспарға қол жеткізу мақсатында барлық тиісті шараны қабылдау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.