ҚАТЕРЛІ ІСІККЕ ҚАРСЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПРЕПАРАТ ҚАШАН ШЫҒАРЫЛАДЫ?

Соңғы жылдары елімізде ғылымға айрықша көңіл бөліне бастады. Ғалымдардың жалақысын арттыру, тәжірибе алмасуына жағдай жасау мен жаңа бастамаларды қолдау әлі жалғасып жатыр. Нәтиже де жоқ емес. Мәселен, 1 шілдеде қатерлі ісікке қарсы қазақстандық препаратты сынақтан өткізудің екінші кезеңі басталды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.

Ведомство басшысының сөзіне сенсек, адамдарға жасалған клиникалық сынақтардың бірінші кезеңі сәтті аяқталды. Алматыдағы радиология институтында 15 онкологиялық науқас емделді, нәтижелеріне үлкен үміт артылып отыр. Бұл мәселені Премьер-Министр жеке бақылауына алған. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп арнайы жұмыс тобы да құрылған. Сондай-ақ министр 1 шілдеде препаратты тестілеудің екінші кезеңі басталғанын айтты. Сынақтан өтуге 5 мыңнан астам онкологиялық науқастар жазылған.
Бұл туралы «Өз еріктерімен жазылған науқастар сынақтың екінші кезеңіне қатысады. Оған жоғары ғылыми-техникалық комиссияның шешімімен шамамен 2 млрд теңге қарастырылған. Жылдың соңына дейін препаратты сынақтан өткізудің екінші кезеңі аяқталады, ал келесі жылы оны тіркеуге шығарамыз деп үміттенеміз» дейді Саясат Нұрбек. Ведомство басшысының айтуынша, қатерлі ісікке қарсы дәріні тестілеу Астана, Алматы және Павлодар қаласында өтіп жатыр.