ТӨЛЕБИДЕ ЭТНОС ЖАСТАРЫ СПОРТТЫҚ САЙЫСТА БАҚ СЫНАДЫ

Соңғы жылдар ішінде қоғам өмірі айрықша жеңілдеді. Көптеген өнертабыс жетістіктерінің арқасында бірқатар қиын әрі күрделі саналатын дүниелерге қолжетімділік артты. Десе де интернеттің кең қолданысқа енуімен күрмеуі қатты мәселелер де кең етек алып бара жатыр. Оның қатарында құмар ойын, ащу суға әуестік, нашақорлық сияқты құрығын кеңге жайып бара жатқан мәселелер бар. Бұл түйткілдердің түйінін ағыту бағытында елімізде қыруар іс атқарылып жатыр. Арнайы заң жобасы қабылданды. Алдағы бірнеше жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Осының арқасында бірқатар өткір де өзекті делінетін мәселелермен күрес шаралары қарқын алды. Бұл ғана емес, соңғы жылдар ішінде еліміздің барлық аумағында лудоманиямен күреске айрықша басымдық берілді.

Оның ішінде Түркістан облысында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Бір ғана биылдың өзінде облысқа қарасты аудандар мен қалаларда ақпараттық-түсіндірме жұмыстары қарқынды жүргізілді. Дін саласының қызметкерлері, құқық қорғау органдарының мамандары, психологтар, педагогтар мен ақсақалдар алқасының мүшелерінен құралған топ оқушылар мен елді мекендер тұрғындарына түрлі бағытта насихат жұмыстарын жүргізді. Әрине, дәл қазіргі уақытта оқушылар мен орта арнаулы оқу орындарының, қала берді, жоғары оқу орындарының студенттері жазғы демалысқа шықты. Сәйкесінше, ауылдарына ағылып, демалысты қызық етіп өткізудің қамына кіріскеніне де біраз болды. Бұл – жауапты сәт. Өйткені бос уақытын тиімді ұйымдастыра алмаған жастар түрлі теріс әрекет пен жат қылыққа әуес болуы мүмкін. Басы қызығушылықпен басталатын мұндай жайттардың соңы – өкініш. Сондықтан да бос уақытты тиімді ұйымдастыра білуге ықпал ететін бастамаларды көтеріп, жүзеге асыру қажет-ақ. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан облысында қолға алынып жатқан бастамалар аз емес. Мәселен, өткен аптада Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Зағамбар ауылында өңірдегі этнос жастары арасында қазақ халқының ұлттық ойындарынан «Ұлттық ойын – қазына» атты облыстық сайыс өтті. Аталған спорт сайысы облыстағы құзырлы органдардың ведомствоаралық жоспарына сәйкес және Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырылды. Ұлттық спортты ұлықтаған додаға Кентау қаласы, Сауран, Сайрам, Түлкібас, Төлеби, Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш аудандары және Зағамбар ауылының этнос жастарынан құралған командалар қатысты. Онда жастар ұлттық ойындардың 8 түрінен, атап айтқанда, қазақ күресі, қошқар көтеру, тоғызқұмалақ, асық ату, садақ тарту, қол күресі, ләңгі тебу, арқан тартудан бақ сынады.
Спорттық шарада сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев және Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев бұл сайыс этнос өкілдерінің достығын, берекелі бірлігін одан әрі нығайтатынын айта келе, барша қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз сөзінде «Шынықсаң — шымырсың» деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Спорт тек денсаулық кепілі ғана емес, түрлі этностар арасындағы ынтымақтастықты, достықты нығайтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде Ассамблея маңызды рөл атқаратынын айтқан болатын. Бүгінгі жарыстың негізгі мақсаты осы — өңірдегі этнос жастарының Отанға, елге деген құрметін арттыру, этносаралық бірлікті насихаттау және салауатты өмір салтын қалыптастыру. Білесіздер, қазақ халқы — ұлттық ойындарға бай халық. Ата-бабаларымыз осы ойындар арқылы ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне ықпал етіп, олардың береке-бірлігі мен ынтымағын жалғастырып отырған. Бұл спорттық шара жыл сайын өткізіліп келеді.Жарысқа жастардың көптеп қатысуы олардың спортқа деген қызығушылығы зор екенін көрсетеді. Мұндай жарыстардың ел бірлігін бекемдеуде маңызы жоғары» деді Ерлан Күзембаев.
Тартысты бәсекеде қол күрестен түлкібастық Тойрат Касимов қарсылас шақ келтірмей чемпион атанды. Ал, мақтааралдық Еркебұлан Дауылбаев екінші, түлкібастық Дамир Касимов үшінші орынға ие болды. Арқан тарту сайысы жұрттың қиқу салып, қызу қолдау танытқан жарысы болғанын айта кеткен жөн. Бұл сайыста Төлеби ауданы құрамасы жеңіс тұғырынан көрінді. 2-орынды Сайрам ауданы құрамасы, 3-орынды Зағамбар ауылы құрамасы иеленді. Сондай-ақ қошқар көтеру сайысында Зағамбар ауылы құрамасынан Дулат Жантаев топ жарды. Ол қошқарды 49 рет көтерді. Ал тоғызқұмалақ бәсекесінде Балташ Айгерім жеңімпаз атанды. Жүлделі екінші орынды сайрамдық Азиз Тургунов иеленсе, үшінші орынды кентаулық Рамазан Бадиров алды. Қазақ күресінен өткен сайыста мақтааралдық Заир Заиров ептілігі мен шеберлігін паш етіп, түйе балуан атанды. Садақ тарту сайысында сайрамдық Ибрахим Турдаметов жеңіс биігінен көрінсе, екінші орынға жетісайлық Батырхан Абишев, үшінші орынға түлкібастық Мирмурад Мирабзалов ие болды. Ләңгі тебуде жетісайлық Сәбит Жантелиев жеңімпаз болса, екінші орынды кентаулық Аброр Шарипов, үшінші орынды Самандар Баттал иеленді. Ал асық атуда зағамбарлық Бекасыл Ерментайдың абыройы асқақтады. Бұл сында кентаулық Дилнур Насируллаев екінші, зағамбарлық Айғани Күздеубаев үшінші орынды жеңіп алды. Жарыстың қорытындысында жалпыкомандалық есепте Төлеби ауданы топ жарды. Ал Жетісай ауданы екінші, Түлкібас ауданы үшінші орынды иеленді. Сайыс соңында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев және «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева жеңімпаздарды арнайы марапаттап, жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар мен дипломдар табыстады.
Айта кету керек, Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев лудоманияны «қауіпті кесел» деп атады. Нақтырағы «Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді» деген болатын Президент. Осы орайда, жуырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл Заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізіледі. Атап айтқанда, құмар ойындарға бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар қосылды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады.
Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға қатыса алмайды. Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған. Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілді. Туризм және спорт министрлігі ойын мекемесінің, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың, ставкаларды қабылдау және бәс тігудің бірыңғай ережелерін бекітеді. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды сыртқы жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, видео және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынады. Тек букмекерлік кеңсе немесе тотализатор орналасқан жердегі сыртқы жарнамаға, спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың киімінде, спорттық тақырыпқа маманданған және ресми тіркелген БАҚ-та, сондай-ақ отандық телеарналар халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляция жасаған кезде жарнамалауға рұқсат етіледі. Сонымен қатар лотерея қызметін реттеу тетіктері жаңартылды. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ғибадат үйлерінде, мәдениет ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстарында, әлеуметтік объектілерде, сондай-ақ олардан жүз метр қашықтықтағы радиуста лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.
Мұндай бастаманың барлығы еліміздегі ахуалды жақсарту мен жеңілдету мақсатында қолға алынып отыр. Демек алдағы уақытта қоғамды ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Әрине, заңға сеніп, қол қусырып отыра беруге болмасы анық. Жоғарыда біз сөз еткен бастамалар жалғасын табуға тиіс. Сонда ғана біз күткен нәтижеге қол жетері анық.