«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА БІЛІМ ОРДАЛАРЫ БОЙ КӨТЕРУДЕ
Елімізде білім саласындағы орын тапшылығын жою мақсатында қыруар іс атқарылып жатыр. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының орны айрықша. Қазіргі уақытта аталған тың бастаманың аясында еліміздің бірқатар өңірлерінде білім ордалары бой көтеріп жатыр.
Оның ішінде Шымкент қаласында біз сөз еткен бағдарлама аясында 12 мектептің құрылысы басталған. Олардың 9-ы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Ал қалған 3 мектеп жыл соңына дейін тапсырылады деп жоспарланып отыр. Осы орайда, Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева Тұран-2 шағынауданындағы №144 ЖОББМ-ның құрылыс алаңында жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында азаматтар білім ғимараттарына қатысты ұсыныстары мен өтініштерін білдірді. Бағдарлама бойынша бой көтеріп жатқан білім ордалары оқу жабдықтарымен және жиһаздармен жабдықталады. Ыңғайлы мектептердің жобалары қауіпсіз білім беру ортасын құруға бағытталған және мүмкіндігі шектеулі балаларға бейімделген. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін жеке кіреберістері, спорт залдары мен асханалары бар бөлек блоктар қарастырылған.
Білім басқармасының басшысының айтуынша, Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 28 000 орындық 18 мектептің құрылысын салу жоспарланған. 2023 жылы 17 300 орындық 12 мектептің құрылысы басталып, ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал қалған 10 700 орындық 6 мектептің құрылысы 2025 жылы аяқталмақ.