МЫҢДАҒАН ОҚУШЫ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТЫ ҚЫЗЫҚ ӨТКІЗІП ЖАТЫР
Оқушылардың жазғы демалысқа шыққанына біршама уақыт өтті. Осындайда, назар аударатын басты нәрсе – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыра білу. Өйткені бос уақыты көп және ол уақытта не істейтінін білмейтін жастар түрлі жат қылық пен теріс әдеттерге үйір болуы мүмкін. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде қолға алынған шаралар шаш-етектен. Биыл елімізде мыңдаған оқушы жазғы лагерлермен қамтылды. Тарқатайық…
Ағымдағы жылы Шымкенттегі жалпы орта білім беру ұйымдарының 232 мыңнан астам оқушысын жазғы демалыспен қамту жоспарланған. Оның ішінде 9 494-і жергілікті бюджеттен, 9 440-ы демеушілер есебінен және кәсіподақ тарапынан 90 бала қала сыртындағы лагерьлерде және 213 400 шәкірт мектеп жанындағы алаңдарда демалады. Соңғы деректерге сүйенсек, мектеп алаңдарында 213 мыңға жуық бала демалыспен қамтылды. Балалар қала сыртындағы 7 лагерде атап айтқанда, Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы «Бәйшешек», «Көктөбе», «Тау шыңы» және «Арыс», «Машат — Арасан», «Гаваи» және «Тур база» лагерлерінде де ауысыммен демалып жатыр.
Бұл бағыттағы жұмыстар 20 маусымнан бастап Түркістан облысы Сайрам ауданындағы Көлкент елді мекенінде орналасқан Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты мемлекеттік «Ақсу» лагерінде ұйымдастырылуда. Балалар үйінің 114 тәрбиеленушісі қала сыртындағы «Үшбұлақ» лагерінде демалысын жалғастыруда. Бұл шаралар оқу жылының басталуына дейін ұйымдастырылады.