СЫЗДЫҚБЕКОВ ҰСТАНЫМЫНАН АЙНЫМАЙТЫНЫН АҢҒАРТТЫ
«Кең баба» саябағын мемлекет меншігіне өткізу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
Шымкенттің аты жемқорлық пен сыбайластық сынды өзекті де өткір мәселеге шырмала жүреді. Мұны шаһардың қазіргі әкімі Ғабит Сыздықбеков те қала тізгінін қолға алар уақытта айтып, жағдайды жақсы жаққа өзгертуге күш салатынын алға тартқан еді. Әдетте мұндай сөздерді билікке келген кадрдың бәрі айтады. Әйткенмен бұл жолғы мәлімдеменің жөні бөлек. Арада біршама уақыт өтті. Әрине, дәл осы кезеңде біз білетін һәм білмейтін күрестің қарқынды жүргеніне сенімдіміз. Өйткені қоғамның санасына мұз болып қатқан түсініктер мен таптаурындар жібіп, сең қозғала бастады. Әуелгіде жиналыстың қақ ортасында шенеунік ұсталғанда бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары ұлардай шулап шыға келген еді. Міне, сонда бұл істі игі бастама ретінде санайтындар да, кезекті қойылымға балап сынайтындар да көп болған. Дегенмен қазіргі уақытта алғашқыларының қатары артып, кейінгілерінің сапы сирегеніне бек сенімдіміз.
Әрине, қоғамды жемқорлық пен сыбайластықтан бір сәтте ада қылып, жемісті жұмыс істейтін жүйені құра салу мүмкін емес. Оған жылдар қажет. Тіпті, оны түзеуге бір ғана кадрды күші жетпеуі мүмкін. Әйтсе де ахуалды өзгертіп, көптің санасында іркілдеп тұрған стереотиптерді сетінетуге білікті басшы, көреген кадр, салмақты саясаткердің күші жетеді деп ойлаймыз. Мұны Шымкент қаласының әкімі Ғабит
Сыздықбеков дәлелдеп келеді. Соңғы уақытта қалада жылдар бойы қордаланып келген түйткілді түйіндер шешімін тауып келе жатыр. Қазір қоғамның күдігін туғызған жайттарға қатысты бірнеше сот процесі де өтуде. Оны қалың оқырман жақсы біледі деген ойдамыз. Енді жуырда әкімдік «Кең баба» саябағын мемлекет меншігіне қайтару бойынша белсенді шаралар атқарылып жатқанын мәлімдеді. Рас, саябақты уақытша пайдалануға алған кәсіпкерлік мекеме нысанды мемлекеттің меншігіне өз еркімен бере қойған жоқ. Күні бүгінге дейін бірнеше сот процесі өткен. Нақтырағы, бұған дейін Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жер учаскесін беру және кейінгі мәмілелер туралы Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысының күшін жою бойынша талап арыз жолданған болатын. 2024 жылғы 30 сәуірдегі сот шешімімен департаменттің талап арызы қанағаттандырылды. Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі де өзгеріссіз қалған. Қош делік, мәселе неден басталған? Соған ойысайық…
Мұның түп-тұқиянын тарқату үшін өткенге шегініс жасауға мәжбүрміз. Нақтырағы, 1999 жылы қалалық әкімдіктің шешімімен көлемі 4 га жуық жер телімі «ЧПКФ «Сапар» ЖШС-на беріледі. Міне, дәл осы уақытта кәсіпкерге балалар саябағының аумағында балалар мен жасөспірімдерге эстетикалық және мәдени тәрбие беру орталығын ұйымдастыру міндеті жүктелген болатын. Өкінішке қарай, жоба орындалмай қалды. Онымен қоймай, аз ғана уақыттың ішінде саябақ үлкен қоғамдық тамақтану орнына айналып шыға келген. Коммерциялық пайдалану барысында ғасырлар бойы өсіп, көгерген емен ағаштары кесіліп, нысан аумағына бетондау жұмыстары жүргізілген. Осылайша бастапқыда уәде етілген балалар орталығы сағым іспетті көзден ғайып болып кете барған. Ең өкініштісі, тегін ойын алаңдары, әткеншектер мен кұмсалғыштар да қиратылған. Бүгінде бұл саябаққа бара қалсаңыз, сауда нысандарынан көз сүрінеді. Санитарлық жағдай да мәз емес. Мұны сол аумақта тұратын тұрғындар да көтеріп, мәселені шешуді сұрағанын да айта кетуіміз керек. Сондықтан қоғамдық пікір ескеріліп, нысанды мемлекет меншігіне қайтару процесі басталған. «Кәсіпкердің құқығын шектеді», «бизнесті өлтірді» деген жалаң сөз, жалған ұраннан аулақ болғанымыз жөн. Өйткені 1999 жылы белгіленген жалға беру мерзімі әлдеқашан аяқталған.
Бұл ғана емес, қаланың бас жоспарына сәйкес, «Кең баба» саябағының аумағы «жасыл аймақ» болып белгіленген. Дегенмен қазіргі жағдайды ескерсек, бұлай айта алмасымыз анық. Саябаққа абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуі керек. Сонда ғана «жасыл аймақ» деп ауыз толтырып айтуға болады. Ал қазіргі жағдайда жұрт демалуы тиіс саябақ бизнес алаңына айналып кеткен. Сот процестері толық аяқталмайынша, әкімдік бюджеттен қаражат бөліп, нысанды қалпына келтіре алмайды. Өйткені қазынаның қаржысын қалаға тиесілі емес нысандарға жұмсау талапқа томпақ келеді. Дегенмен нысан мемлекет меншігіне айналса, аз ғана уақытта гүлденіп шыға келеріне күмән жоқ. Өйткені соңғы жылдары қалада тұрғындар мен қала қонақтары демалатын орындардың ажары артып, саны көбейгеніне куәміз. Демек шаһар басшысының өзі мұндай игі іске мүдделі.
Қалың оқырманның жадында болса, «Уақыт» газетінің 2015 жылғы 14 қазандағы №29 (170) санында «Қайрат Сапарбаев балалар саябағын халыққа қайтаруы керек!» атты материал жариялаған едік. Міне, сонда халық қалаулылары мәселе көтеріп, талапты төтесінен тастағанымен, әкімдік назарға ала қоймағаны бар. Арада 9 жылға жуық уақыт өтті. Осы уақыт ішінде шаһарда бірнеше әкім ауысты. Десе де тұрғындар мен белсенді азаматтар дәл осы тақырыпты қаузап, көмек сұрағанымен, қимылдай қойғанын көргеніміз жоқ. Бәлкім, әкімдік қабырғасында арнайы жиын да өткен шығар. Онысынан хабарымыз жоқ. Анығы сол, бұл түйткілдің түйінін ағытуға ешбірі білек сыбана кірісе қойған жоқ. Енді міне, талай жылдан бері толғағы келгенімен, тоқтамға келмей жатқан мәселе Ғабит Сыздықбековтың тұсында көтеріліп, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.
Қош делік, әділетті қоғам мен жаңа жүйені өзгелер емес өзіміз құрамыз. Халықтың үні билікке жетсе ғана демократиялы қоғам орнайды. Мұны біз ғана емес, қазіргі қала әкімі де терең түсініп, алыстап кеткен бұқара мен биліктің арасын жақындатуға күш салып келеді. Кезінде заңның талаптарын ескермей, елді ғана емес, бүтіндей билікті де алдаусыратқандармен күрес те қарқын алған. Әрине, талай жылдан бері «бармақ басты, көз қысты» әрекетпен өзгенің құқығын шектеп, өз ұпайын түгендеп келген кейбір атқамінерлер мен кәсіпкерлерге мұның ұнай қоймасы анық. Әйткенмен шаһардың қазіргі басшысы оңай ғана шағыла қоятын жаңғақ емес екенін кімге де болсын айқын көрсетті. Осының өзі талайға сабақ болады деп сенеміз…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.