ҰБТ-2024: БИЫЛҒЫ КӨРСЕТКІШТЕР ҚАНДАЙ?

Елімізде мектеп түлектері үшін маңызды науқан – Ұлттық бірыңғай тестілеу өз мәресіне жетті. Осы аптадан бастап жас түлектер білім грантын иелену үшін жоғары оқу орындарына құжаттарын тапсырып жатыр. Жыл сайын дәл осы науқан аяқталған уақытта тиісті министрлік тарапынан көрсеткіштер жайы баяндалатын. Ендеше биылғы нәтижелерді тарқатайық…

Қалың оқырманның жадында болса, кейінгі жылдары түлектерге ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр. Сәйкесінше, ең үздік нәтижемен білім грантын иеленуге үміткер бола алады. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенованың мәліметінше, биыл түлектер 326 мың рет ҰБТ тапсырған. Бұл – өткен жылдармен салыстырғанда 20 мыңға артық. Оның ішінде 139 мың түлек шекті бал жинады. Біреуі ең жоғары 140 балды жинаса, екі бала 139 балды иеленді. Айта кету керек, үшеуі де — ауыл мектептерінің түлегі. Бір қызығы, 1 балл жинаған түлек те бар.
Биыл 79 мыңға жуық білім гранты үлестірілмек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, техникалық мамандықтарға берілетін білім грантына басымдық беріледі. Нақтырағы, мұндай мамандықтарға үлестірілетін гранттар жалпы көрсеткіштің 60 пайызын құрамақ.

С.НҰРАЙ.