ДЕПУТАТТЫҢ БЕДЕЛІ АТҚАРҒАН ІСІМЕН АЙҚЫНДАЛАДЫ
Мәслихат депутаты халық пен билік арасында алтын көпір қызметін атқарады. Яғни бұқараның базынасын билікке жеткізеді. Тиісінше, биліктің маңызды да тың бастамаларын халыққа түсіндіреді. Бүгінде осындай ауқымды міндетті абыроймен атқарып жүргендер де, мандат алғанымен, мәнісін түсінбегендер де баршылық. Жасыратыны жоқ, қазіргі қоғамның санасы сергек, танымы кең. Сәйкесінше, мәслихат депутаттарының не істеп, нені тындырып жүргенінен хабардар.
Өйткені қазіргі уақытта әлеуметтік желі дамыған. Оны аша қалсаңыз, айыптының кінәсін әшкерелейтін, жақсының еңбегін насихаттайтын сан түрлі хабарламаларды көруге болады. Біздің редакциямызға да келетін хаттардың қарасы көп. Аңғарғанымыз, Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары арасында еңбегімен елдің құрметіне бөленген азаматтар баршылық. Солардың бірі – Лазиз Сулайманов. Бұл азаматтың өзі жауапты округтің көптеген мәселелерін шешуге атсалысқанын жақсы білеміз. Атап айтсақ, ауыз су мәселесіне білек сыбана кірісіп, шешімін табуына мұрындық болды. Жолдардың жөнделуінде де ерен еңбегі жатыр. Білім саласындағы мәселелерді де көтеріп, ұсыныс білдіріп келеді. Содан болса керек, өткен шақырылымда үлкен бедел жинады. Қазір де ауқымды жұмыстардың басы-қасында жүр.
Сондықтан болар, редакциямызға алғыс жаудырып, атқарған ісін баяндайтын бірқатар хаттар келіп тұрады. Ондағы ізгі тілек, жылы лебізді оқи отырып,
Лазиз Низамханұлының шынымен де өңірдің дамуына қосып жатқан еңбегі орасан екеніне көзіміз жетті. Ендеше аймақ жұртының алғысын арқалаған халық қалаулысының алдағы жұмыстары тындырымды, бастамалары сәтті болсын дейміз…
Ж.БАЛАУСА.