ЕСЕПКЕ ЖОҚТАРДЫҢ ЖЕЛГЕ ҰШЫРҒАН ЕСЕПСІЗ ҚАРЖЫСЫ
Әбдірахымовтың бұл жағдайдан хабарсыз болуы мүмкін емес
Әкімдер кетеді, әйткенмен атқарған ісі қалады. Бұл қағиданы іс жүзінде көзбен көріп, құлақпен естіп келеміз. Жасыратын несі бар, Шымкентке осы күнге дейін қаншама әкім басшы болды. Болып қана қойған жоқ, қолтаңбасын қалдырып кетті. Олардың қатарында қала тізгінін бір емес бірнеше рет алған әкім Ғабидолла Әбдірахымов та бар. Бұл кадр 2015-2017 және 2018-2019 жылдары Шымкентті басқарды. Соңғы рет келгенде басы дауға қалғанын әлеумет ұмыта қойған жоқ. Міне, сол уақыттағы ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев «биліктің беделіне нұқсан келтіріп, берілген сенім кредитінің түгесілгенін» айтқан болатын. Қош делік, арада біраз уақыт өтті. Десе де Әбдірахымовтың кезінде болған әлдебір әрекеттердің арты мәлім бола бастады. Тарқатайық…
Өткен жылы бұқара Шымкенттегі ірі спорттық нысандардың бірі мұз сарайының жекенің қолына өтіп кеткенінен хабардар болған еді. Нарықтың заңдылығына сай сатылса, бір жөн. Нысан небәрі 128 миллион теңгеге жекенің қолына өте барған. Қарап отырсақ, дәл осы қаражатқа үшінші мегаполистегі қымбат шағынауданнан бір ғана үй береді. Ендеше аумағы ат шаптырым жерге тең нысанның құнын осыншама түсіріп әрі сатып жіберердей не күн туды?! Мұның себебін шенділер «ұстап тұру – шығын, жылына 40 млн теңге кетеді» деп түсіндірген. Оған сенсек, коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуінен мұз сарайын ұстап тұру қиынға соққан. Дегенмен бұл уәждің шындыққа аса жанаса бермейтінін талай сарапшы санап, көзге ұрып көрсетті. Бір қызығы, дәл осы оқиғалар легі болып жатқан уақытта үшінші мегаполистің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов болатын. Сол уақыттағы жағдайды сараласақ, нысан қаладағы ғана емес күллі күнгейдегі ірі спорттық ғимараттардың бірі еді. Ендеше бұл жағдайдан қала әкімінің хабарсыз болуы мүмкін емес. Алғашқыда мұз сарайының бағасы 996 944 000 теңге ретінде белгіленген. Дегенмен аукционға үшінші рет шығарылғанда 67 пайыз үлесі 128 миллион теңгеге сатылып кеткен. Сатып алушы – «Мұнай Құрылыс Сервис» ЖШС. Мұз айдынының қалған 33 пайызына «Саутс-Ойл» ЖШС иелік етеді. Ал бұл екі компанияның да иесі – Серікжан Сейітжанов.
Нысанның өткеніне көз жүгіртсек, бастапқыда мұз сарайы қысқы спорт түрлерінен жаттығу жасайтын орын ретінде бой көтерген. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Шөкеев 404 млн теңге ақша жұмсап, оның 33 пайызын қала кәсіпкерлері шығарғанын айтқан болатын. Қалған сома бюджеттен алынған. Демек мемлекет салған қаражатын да ақтай алмай отыр. Бір қызығы, жоғарыда сөз еткен «нысанды ұстап тұру – шығын» деген уәждің өтірік екенін «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов дәлелдеп берген еді. Нақтырағы «Мемлекеттік сатып алу порталының мәліметіне сүйенсек, 2017-2023 жыл аралығында осы өзіміз сатып жіберген Мұз сарайын №8 қысқы ойындар бойынша олимпиадалық резервті дайындайтын жасөспірімдер мектебінің балалары жаттығу үшін жалпы сомасы 1 миллиард теңгеге жуық ақшаға жалға алып отырған. Нысанды жекеге 128 миллион теңгеге сатып жіберіп, жыл сайын 100 миллиондаған ақшаға жалға алу қаншалықты тиімді? Аталған нысан — қаламыздағы және Түркістан облысы бойынша қысқы спорт түрлеріне дайындайтын жалғыз орын» деген болатын ол. Расымен де, 40 миллион теңге шығыннан қашу үшін нысанды сатып, жыл сайын одан бірнеше есе көп қаражатқа жалға алудан кім ұтты? Осы тұста, жоғарыда сөз болған миллиардтың тек оқушыларды жаттықтыру үшін нысанды жалға алу құны екенін ұмытпауымыз керек. Одан бөлек, жеке тұлғалардан қанша қаражаттың түскені тағы белгісіз. Осыншама күрмеуі қатты мәселеден кім ұтты? Әрине, мұнда Қайрат Сатыбалдының құдасы делінетін белгілі кәсіпкер Серікжан Сейітжановтың ұпайы түгел. Өйткені нысанды алған уақыттан бастап, шығынын жабумен қатар, көл-көсір пайдаға кенелген. Ал мемлекет мүлкінің жекеге толықтай өтіп, артынша оған кіріптар болуды құп көрген сол уақыттағы шенділер не ұтты?
Әрине, бұл – үлкен мәселе. Қазіргі уақытта адам ойына сыймайтын қитұрқы әрекет істеп, биліктің бір ұшы қолына тигенде сыбайластыққа барған қаншама шенді сотты болып, темір торға тоғытылып отыр. Ол қатарда экс-президенттің туған-туыстарының барын да қоғам жақсы біледі. Бүгінде әділетті қоғам мен әділ жүйені қалыптастыруға барын салып жатқан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заңнан аттап, қара бастың қамын күйттегендерге қарсы екенін бір емес бірнеше рет аңғартқан. Сондықтан біз сөз етіп отырған мәселе де құқық қорғау органы қызметкерлерінің назарынан тыс қалмаса екен дейміз. Сөз жоқ, өткен айда мұз сарайының мемлекет меншігіне қайтарылатыны турасында ақпар тарады. Әйткенмен бұл кезінде жасалып, қазынадан қаржы қаралған мәселенің толық шешілгенін білдірмейді. Егер нысанның жекеге өтуінде әлдебір заңбұзушылық анықталса, жауаптылар жазаға тартылуы тиіс. Мұны істемей, әділдік пен ашық жүйені қалыптастыру мүмкін емес тәрізді. Әрине, әлдекімді кінәлаудан аулақпыз. Әйткенмен жағдайдың жіті тексерілуі қажет-ақ…
P.S.
Ғабидолла Әбдірахымов төңірегіндегі дау мұнымен тоқтамайды. Дәл осы кадр тұсында сатып алынған қоғамдық көлік қатынасына арналған автобустардың құнына қатысты өткір мәселе туып отыр. Мұнда да адамның санасына сыймайтын, математика заңдылықтарына бағына бермейтін жайттар бар. Оның жай-жапсары турасында газетіміздің алдағы сандарында тарқата баяндаймыз.
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.