ШАРДАРА АУДАНЫНЫҢ ЖАСТАРЫМЕН КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Елімізде өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына барлық жағдайлар жасалып келе жатыр. Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірінде мектептердегі орын тапшылығын жою мақсатында қыруар іс атқарылуда. Мектепке дейінгі біліммен қамту ісі де жемісті жүзеге асырылып келеді. Жастардың мәселесімен айналысып, қоғамда өз орнын табуына ықпал ететін жастар орталықтары белсенді жұмыс жүргізуде. Осының арқасында жоғары оқу орнын бітірген жас мамандар мемлекеттік қолдаумен жұмысқа орналасып, кәсіп бастап жатыр. Қош делік, өскелең ұрпақтың бәсекеге қабілетті болуы үшін мұның баршасы жеткілікті емес. Өйткені бүгінгі таңда жастарды шыңырауға тартатын сан түрлі мәселе жетерлік. Олардың қатарына шылым мен ащы суға әуестікті, нашақорлықты жатқызуға болады. Сонымен қатар күн сайын құрығын кеңге жайып келе жатқан лудомания сынды өзекті мәселе тағы бар.
Жасыратыны жоқ, алғашқыларына қарағанда кейінгісінің зардабы қазақ қоғамына ауыр соғып жатыр. Бүгінде артық ақша табамын деп тәуелділердің қатарына қалай қосылып қалғанын білмейтін жастардың қатары қалың. Қала берді, кейбір ата-аналар мұндай қауіпті мәселенің астарына үңілмей, кезекті қызығушылық және уақыт өте келе ұмыт қалады деген жалған пікір, жаңсақ ойдың жетегінде келе жатыр. Бұл ғана емес, өзі өсіріп отырған ұл-қызының неге қызығатынын білмейтін ата-ана көп. Әрине, бала бос уақытта не істерін білмесе, ата-анасы бос уақытын тиімді ұйымдастыруға көмектеспесе, интернетте тараған вирустық бейнежазбаларды көреді. Олардың арасында жарнамасы жер жарған құмар ойындарына да көзі түседі. Осылайша, қызығушылықтың құрбаны болып шыға келеді. Бұл мәселенің қазіргі уақытта өзекті болғаны сонша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Ұлттық құрылтайда арнайы тоқталып, тиісті тапсырмаларды жүктеген еді. Осының негізінде еліміздің барлық өңірінде кешенді шаралар жүзеге асырылып келе жатыр. Мәселен, жыл басынан бері Түркістан облысына қарасты аудандар мен қалаларда ақпараттық-насихат тобы білім беру мекемелерінде түрлі бағыттағы насихат жұмыстарын жүргізді. Біз сөз еткен ақпараттық-насихат тобына психологтар, дін саласының қызметкерлері, құқық қорғау саласының мамандары, педагогтер, ассамблея мүшелері енді. Сәйкесінше, әрбір білім ордасының жастарымен жүздесу барысында құмар ойынның зардаптары, лудоманияның адам баласына кері әсері, лудомандардың белгілері, ойынқұмарлықтың ауыр салдары сынды маңызды бағыттар жастарға жіті түсіндірілді. Құқық қорғау органы қызметкерлері бұл мәселемен күрес бойынша арнайы жұмыс жоспарын бекітіп, осының негізінде ауылдар мен елді мекендерде тұрғындармен кездесу өткізді. Жастар орталықтары да маңызы зор міндетті жүзеге асыруда айрықша белсенділік танытып келеді. Әсіресе, жазғы демалыста бос уақытты тиімді ұйымдастыру бойынша бірқатар шараларды қолға алып, сәтті жүзеге асыруда. Әрине, жазғы демалыс уақытында оқушыларға насихат жұмыстарын жүргізу қиындық тудырады. Дегенмен бұл саладағы жұмыс тоқтап қалды дегенді білдірмейді. Керісінше, қарқын әлі сақталып отыр. Мәселен, жуырда Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Шардара ауданының келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтардан зардап шеккен жастарына психологиялық көмек көрсету мақсатында «Құмар ойынға құмартпа!» атты лудоманияның алдын алу бойынша семинар-тренинг өткізілді. Семинар-тренингте «Komek center» тәуелділікті оңалту және емдеу орталығының психологы, Педагогика ғылымдарының магистрі, практик-психолог Тұрсынбаева Айсұлу Полатқызы және «Заңғар-Медет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дарханбаева Лайла инновациялық технологияларды қолдана отырып, лудоманиямен күресу жолдарын түсіндірді. Аталған шара қызу талқылаумен өтті десек, артық айтқанымыз емес. Жиынға келген жастар тарапы лудоманияның белгілері, лудомандардың ақша табу мақсатында айтатын өтіріктері турасында кеңінен ақпарат алды.
Спикерлердің пікірінше, туысының немесе досының лудоманияның шырмауынан құтқару мақсатында қарызын жауып беру мәселені шешпейді. Керісінше, ахуалды ушықтырып жіберуі мүмкін. Өйткені лудомандар қарызы жабылса, қайтадан ақша алуды әдетке айналдырып алады. Жалпы мұндай кеселді дүниеге әуес болғандар бастапқыда қызығушылықпен азырақ ақша қойып, бәстің қызығына батып жүреді. Осындайда бір-екі рет жеңіске жетіп, азын-аулақ пайда табатыны да белгілі. Десе де уақыт өте келе мұндай оңай олжаға еті үйреніп, дәл осы тәсіл арқылы табыс табуға ұмтылады. Әуелгіде жалақысын бәске тігеді. Уақыт өте келе шығындардың орнын жабу мен қайта құмар ойынын ойнау үшін айналасынан қарыз сұрай бастайды. Қарыз алып, белшеден батқаннан кейін айналасындағылардың сенімінен шығады. Тәуелділікке ұрынып, қоғамнан бөлектене бастайды. Туған-туыспен байланысын үзетін деңгейге жетеді. Артынша ұрлық пен алаяқтыққа барып жататын жағдайлар да аз емес. Ойынқұмарлық адам психологиясына ауқымды зардаптарын тигізеді. Нәтижесінде азаматтар тұлға ретінде дамуын тоқтатады. Ессіздікпен ойынға беріледі. Бәстен ұтылған сәтті ашушаң күйге енеді. Тіпті, отбасында өзгелерге жәбір көрсетуге дейін барады. Соңғы уақытта елімізде отбасылық зорлық-зомбылықтың жиілуіне де лудомания себеп болып отыр. Жуырда елімізде болған адам өлімімен аяқталған оқыс оқиғадада да жәбір көрсетушінің лудоман екені анықталған. Кейбір бейресми статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, еліміздегі ажырасулардың 40 пайызына дәл осы ойынқұмарлық себеп болып отырған көрінеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев арнайы қабылданатын заң жобасын талқылау барысында былай деген болатын «Бүгінде құмар ойындары жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, алдыңғы орынға шыққан. Сондықтан осынау заң жобасы өте өзекті әрі қоғам үшін маңызды екені анық. Тіпті бұл мәселені ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бірнеше рет көтеріп, нақты тапсырма берді. Қауіпсіздік кеңесінің отырысында да, Ұлттық Құрылтайда бірнеше рет ерекше тоқталғанын жақсы білесіздер. Шыны керек, қазіргі таңда Қазақстанда ойынқұмарлық індеттей өршіп, ел қауіпсіздігіне қатер төндіре бастады. Оның басты себебі – құмар ойындарының жұртшылыққа оңай қолжетімді болуы және оны ұйымдастырушылардың интернеттегі сайттарының кеңінен таралуы. Деректерге жүгінсек, соңғы екі жарым жылда еліміздің әрбір бесінші адамы ойын ойнайды екен немесе құмар ойындарына қандайда бір қатысы бар. 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған. Ажырасулардың 40%-на осы лудомания тікелей себеп болып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – осы құмар ойынға шалдыққандар. Мәселен, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания». Қарап отырсақ, қарапайым құбылыс санап жүрген құмар ойынның зардабы қоғам үшін уақыт өткен сайын ауырлап келе жатыр. Сондықтан да Шардарада өткен жиын барысында тақырып кеңінен талқыланып, қажет шараларды дер кезінде көрудің маңызы тарқатылды.
Айта кету керек, елімізде ойын бизнесінің гүлденуіне үлес қосып отырған тәуелділер көп болғанымен тек 36 мыңнан астам адам лудомания дертіне шалдыққан деп көрсетіледі. Елімізде суицид жасаған әрбір бесінші адам – лудоман. Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы 157 мыңнан астам қылмыстық құқықбұзушылық жасалған. Оның 20 пайызы немесе 31 мыңнан астамы құмар ойындар негізінде болған. Лудомания қазір ажырасу себептері арасында маскүнемдік пен нашақорлықтан кейін екінші орынға шығып отыр. Ең сорақысы қазақстандықтар соңғы үш жылда құмар ойынға триллион теңгеден астам қаржы жұмсаған. Одан бөлек, балалар мен жасөспірімдер де ойын бизнесінің шырмауынан шыға алмай жүр. Алайда ауырдың үсті, жеңілдің астымен ақша тапқысы келетіндер саны азаймай отыр. Бір отбасының ғана емес, бүкіл елдің болашағына қауіп төндірген жаман әдетке Мемлекет басшысы баса назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырып, салалық министрліктерге нақты міндеттер жүктеген болатын. Жауапты министрліктер лудоманиямен күресте жаңа шаралар қабылдауға уәде берген болатын. Сондықтан жуырда Туризм және спорт министрлігі eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы ойынға тәуелділікпен күресудің жаңа цифрлық сервисі іске қосылғанын хабарлады. Жаңа жобаны Туризм және спорт министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлесіп қолға алған. Жаңа бастама бойынша Қазақстан азаматтары, сондай-ақ ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер eGov mobile мобильдік қосымшасы арқылы 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге өздерін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады. Бұл рәсім «Ойын бизнесі туралы» ҚР заңының 15-1 бабында көзделген және автоматтандыруға дейін тиісті тұлғаларды өзін-өзі шектегендер тізіміне қосу 8 жұмыс күні ішінде қағаз форматта жүзеге асырылады. Өтініш ЭЦҚ-мен қол қою арқылы онлайн беріледі. Мәселен, азамат өтініш берсе, сервис оны «құмар ойындар және бәс тігуге қатысудан шектелген адамдар» тізіміне енгізеді. 6 айдан 1 жылға дейінгі шектеу мерзімін кері өзгерту мүмкін емес. Алайда шектеу мерзімі аяқталғанға дейін оны қайта ұзартуға өтініш беруге болады. Бұған дейін мұндай шектеу болғанын біреу білсе, біреу білмес. Бұрын өтінішті қағаз жүзінде жасауға болатын және ол сегіз жұмыс күні ішінде қаралған. Сондай-ақ өтінішті сіз үшін басқа бір адам бере алмайды. Ал қазіргі жаңа ереже бойынша уәкілетті орган «құмар ойыннан шектелген» адамдарды тізімнен сот шешімі негізінде шығарады. Жаңа қызмет өтініштерді өңдеу мерзімін едәуір қысқартумен қатар құмар ойындарға қатысудан өзін-өзі шектеу рәсімін жеңілдетеді. Бұл барлық азаматқа, ең алдымен құмар ойындармен шектен тыс әуестенетін тұлғаларға барлық лицензияланған ойын мекемелері мен букмекерлік кеңселердің заңды сайттарына кіруге лезде тосқауыл қоюға мүмкіндік береді. Өзін құмар ойындарға қатысудан шектеу үшін ҚР азаматына немесе резидентіне өз телефонына eGov mobile мобильді қосымшасын жүктеп, электрондық цифрлық қолтаңбаны жасап алу керек. Жаңа қызмет құмар ойындарға тәуелділікпен күресуді жеңілдетеді дейді мамандар. Бұрын бұл процесс көп уақыт пен күш-жігерді талап ететін. Ал енді цифрландырудың арқасында сервис қолжетімді әрі жылдам іске аспақ. Өзін ойыннан шектеген құмарпаздардың да ендігі жерде тұрмыс жағдайы түзеліп, тәуелділіктен арылатыны қуантады.
Бүгінде құмар ойынға құмартқандар мен бәс тігетіндерді құтқарудың бір жолы – оңалту орталықтары. Осыны қаперге алған Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын кешенді әлеуметтік-медициналық оңалту орталықтарының санын көбейтуде. Психолог мамандар ерік-жігері мықты адамдардың дерттен тез айығатынын алға тартады. Алайда лудоманияны емдеу ұзақ уақытты, көп күшті қажет етеді. Ең маңыздысы, науқастың өзін психологиялық ауру екенін мойындауы. Өзінің «дертті» екенін қабылдаған адамда оңалу процесі нәтижелі болады. Елімізде 10-20 жас аралығындағы балалар компьютерлік ойындарға құмар екен. Ал 25-40 жас аралығындағы ер адамдар букмекерлік кеңселер мен казино сынды құмар ойындарға әуес келеді. Өкініштісі сол, ойынға құмар ер-азаматтардың дені отбасымен ажырасып кетеді. Сондықтан да ойынқұмарлықтың зардабын қоғамға кеңінен насихаттау ісінің маңызы айрықша. Осы арқылы лудоманияның ауыр зардаптарын азайту мүмкіндігі бар. Сол себепті де Түркістан облысында бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бұған дейін, нақтырағы, оқу жылы барысында мектептер мен орта арнаулы оқу орындары, жоғары оқу орындарында түрлі бағыттағы түсіндірме жұмыстары жүргізілсе, жазғы демалыста біз сөз еткен жастар орталықтары тарапынан семинар-тренингтер, еркін форматтағы кездесулер өтіп жатыр. Әрине, мұның барлығы лудомания сынды ауыр әлеуметтік дерттің дендеуіне кедергі болатыны айқын. Қала берді, бұрындары ұл-қызының смартфон арқылы не көріп жатқанына қызықпайтын ата-анаға да керек кеңестер берумен жауапкершілігін арттыра түсуде. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да белсенді түрде жалғасын таба бермек.