«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫ НЕГІЗІНДЕ СЕМИНАР-КЕҢЕС ӨТТІ

Бүгінде қоғам арасында сан түрлі түйткіл бар. Олардың қатарына лудомания сынды құрығын кеңге жайған түйткіл де кіреді. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта бұл мәселенің кең тарауының бір себебі – қаржылық сауаттың болмауы. Сәйкесінше, тапқан-таянғанынан артық шығын жұмсайтындар оңай олжаға қарық болу қамымен бәске ақша тігіп жатады. Бастапқыда бір-екі ұтысқа ие болғаннан кейін бұл ісін үдете түседі. Артынша қалай тәуелді болып қалғанын аңғармай да қалады. Уақыт өте келе барын бәске тігіп, ұтылып жатады. Бір сәттік ұтыс үшін жақыны мен танысынан ақша алады. Олардың сенімінен шыққаннан кейін алаяқтыққа барады. Қарап отырсақ, қаржыны басқара алмаудың ақыры ауқымды мәселелерге ұрындырып отыр.

Сондықтан да елімізде азаматтарға қаржылық және құқықтық мәселелер бойынша кеңес беру бағытында «AMANAT» партиясы мен Halyk Bank-тің бірлескен бастамасы негізінде «Қарызсыз қоғам» − халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған жоба жүзеге асуда. Арнайы ереже дайындалып, аталған жобада несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған ауыл тұрғындары, қарызы бар және оның мерзімін өткізіп алған азаматтар, мемлекеттен жеңілдікпен несие алуға үміткер кәсіпкерлер оқудан өтуде. Халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы биыл барлық өңірде жүргізіліп жатыр. Мамандар жыл бойы 200 мың қазақстандыққа қаржылық сауат курстарын өткізеді. Осы орайда, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданында семинар өту кестесі бекітілді. Бекітілген кестеге сай, алғашқы жиын Қаратөбе ауылдық округінде өтті. Екінші басқосу Қасқасу ауылдық округінде ұйымдастырылып, қаржылық сауатын арттыру бойынша мамандар дәріс оқып, тұрғындар сұрақтарына жауап берді. Жиын барысында қаржылық сауаттың негіздері түсіндірілді.
Айта кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасында өткен жылы 65 мың адам, биыл 49 мың адам білім алды. Бұл — үлкен көрсеткіш. Қатысушылардың жартысына жуығы білікті қаржы және заң мамандарының көмегін алды. Бұл ретте, шоттың бұғатталуынан бастап, қарызды қайта құрылымдау, соттан тыс банкроттық рәсімдеу, коллекторлармен жұмыс секілді 20 бағытта көмек жүргізілді. Сондай-ақ қаржы сарапшылары бизнес-жоспар жазу, отбасылық бюджетті қолға алуды үйретті. Ең бастысы, жоба қатысушыларының санасы түбегейлі өзгергенін көріп отырмыз. Тығырыққа тіреліп, шығар жол жоқ деп ойлаған борышкерлердің қарызы қайта қаралып, үміт сәулесі пайда болды.