ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Бүгінде Түркістан облысына қарасты аудандар мен қалаларда түрлі теріс әрекеттердің алдын алу бойынша кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Жыл басынан бері түрлі сала мамандарынан жасақталған ақпараттық-насихат тобы түрлі көшпелі отырыстарды өткізіп, халыққа кеңінен ақпарат берді. Бұл бағыттағы жұмыстар қазіргі уақытта да жалғасып жатыр. Мәселен, осы аптада Түркістан қаласы Ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Отырар секторында «Қаржы пирамидасына қарсы күрес» және «Құқықбұзушылықтың, нашақорлықтың, ойынқұмарлықтың алдын алу» тақырыптарында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараға Отырар алқабы тұрғындары қатысты. Жиын барысында қаржы пирамидасынан сақтану және интернет алаяқтарынан сақ болу, оның алдын алу бойынша ақпарат айтылып, брошюралар таратылды. Сонымен қатар мекеме психологы А.Нарымбетова ата-аналарға бала тәрбиесіндегі зиянды әрекеттердің алдын-алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жиналысқа Түркістан қаласы Ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің инспектор маманы С.Ержанқызы, психолог А.Нарымбетова, Отырар секторының меңгерушісі Н.Бақытұлы, Түркістан облысы Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы, киберпол тобының инспекторы полиция аға лейтенанты Б.Баймаханов қатысты. Сондай-ақ жиын барысында ойынқұмарлықтың зардаптары да кеңінен айтылды. Бүгінде жастар арасында өзекті болып отырған мәселені шешу бойынша елімізде кешенді жұмыстардың жүріп жатқаны белгілі. Осы орайда, сөз алған спикерлер оларды талдап, таразылап, келген көпке құнды деректер ұсынлды.
Айта кетейік, жуырда Мәжіліс ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда қабылдады. Түзетулерге сәйкес, қазақстандықтардың белгілі бір тобына құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге тыйым салынады. Олардың қатарында 21 жасқа толмаған азаматтар, ойын және бәс тігуге қатысуы шектелген, сондай-ақ борышкерлердің бірыңғай тізіліміне сәйкес өтелмеген міндеттемелері бар тұлғалар, мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметкерлер және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері жатады. Электронды казино мен онлайн-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін заңды тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Енді букмекерлік кеңселер өздерінің аппараттық-бағдарламалық жүйелерін Мемлекеттік кірістер комитеті мен Қаржы мониторингі агенттігінің қолданыстағы ақпараттық жүйелерімен біріктіруге міндетті болады. Сонымен қатар Қазақстан аумағында лицензиясы жоқ шетелдік букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендердің интернет-ресурстарының қызметіне тыйым салынды. Букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендерді ғимараттардың, құрылыстардың және көліктердің сыртында жарнамалауға, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары, кино, бейне және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға толығымен тыйым салынады. Дегенмен букмекерлік кеңселер мен дүкендер орналасқан жерінде, спорт ғимараттарының ішінде, спортшылардың жабдықтарында, спорттық теле-радио арналарда, спорттық іс-шараларды көрсетуге мамандандырылған интернет-ресурстарда жарнамаға рұқсат етіледі. Лотерея билеттерін, оның ішінде электронды билеттерді тек лотерея операторы мен агенті арқылы таратуға болады. Бұл ретте тұрғын үйлер мен жатақханаларда, мәдениет ұйымдары орналасқан жекелеген ғимараттар мен құрылыстарда, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында, діни ғимараттар мен құрылыстарда лотерея билеттерін таратуға және терминалдар орнатуға тыйым салынады. Жиын барысында осы және өзге де мәселелер қаралды. Сонымен қатар келген тұрғындар спикерлерге сауал қойып, нақты жауаптарын алды.