СЕНАТ «МАСС-МЕДИА ТУРАЛЫ» ЗАҢДЫ МАҚҰЛДАДЫ

маңызды құжатта қандай жаңа нормалар бар?

Журналист – қоғамның тамыршысы. Әлеуметтің өзегінде қайнап жатқан өткір мәселені талдап, таразылап, оқырманға жеткізеді. Билік пен бұқара арасында алтын көпір қызметін атқаратынын да жақсы білеміз. Осы орайда, саладағы қызметті реттейтін «Масс-медиа туралы» Заң жобасының талқыланып келе жатқанына бірнеше айдың жүзі болды. Мәжілісте арнайы жұмыс тобы құрылды. Тәуелсіз сарапшылар пікір білдірді. Нәтижесінде жуырда Сенат депутаттары аталған Заң жобасын мақұлдады. Қош делік, бұл маңызды құжаттың ерекшелігі мен жаңашылдығы қандай? Тарқатайық…

Қалың оқырман мен әріптестердің жадында болса, бұл Заң жобасына қатысты екіұшты пікір көп болды. Жақтаушылар да, даттаушылар да табылды. Бірқатар жаңашылдықтар қолдау тапты. Енді біріне түзету мен толықтыру енгізілді. Нәтижесінде сәуір айында Мәжіліс аталған заң және оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады. Міне, сонда жұмыс тобының жетекшісі Жанарбек Әшімжан қоғамда пікірталас тудырған нормаларға қатысты пікір білдірген еді. Нақтырағы мәжілісмен өз сөзінде «Жекелеген журналистерге оңайлатылған аккредиттеу құқығын беретін баспасөз картасын енгізу жөніндегі норма ұсынылды. Ашығын айту керек, бұл норма жұмыс тобында, жалпы қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Жұмыс тобы мүшелерінің басым көпшілігі бұл норманы – демократиялық принциптерге қайшы, журналистерді алалау, жан-жақты ақпарат таратуға кедергі келтіретін норма деп бағалады. Сондықтан баспасөз картасы туралы норманы жою бойынша нақты шешім қабылданды» деп атап өткен еді.
Қош делік, жуырда ғана Сенат «Масс-медиа» туралы Мәжіліс қараған негізгі заңды мақұлдады. Палатаның Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Айгүл Қапбарованың айтуынша, «Масс-медиа туралы» заңға бірнеше жаңашылдық енгізу көзделген. Оны ішінара тарқатсақ, мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына отандық контентті дамыту, Қазақстан Республикасының ақпараттық егемендігін нығайту және қорғау үшін гранттық қаржыландыру берілетін болды. Бұқаралық ақпарат құралында жарияланған ақпараттар бойынша жеке немесе заңды тұлғалардың талап қою мерзімі бір жыл болып белгіленді. Бұған дейін БАҚ сұрауларын қарау мерзімі 7 жұмыс күні болса, жаңа заңға сәйкес, 5 жұмыс күніне дейін қысқарды. Бұл ғана емес, 2025 жылдан бастап мемлекеттік тілдегі теле-, радиобағдарламалар мен отандық өнім олардың жалпы көлемінің кемінде 55 пайызын, 2027 жылдан бастап 60 пайызын құрауы тиіс. Бұл талап «Масс-медиа туралы» заңға енгізілген. Шетелдік теле-, радио­арналардың бағдарламаларын қайталап көрсету отандық арналардың апта сайынғы хабар тарату көлемінде 20 пайыздан 10 пайызға дейін қысқарады. Тағы бір ерекшелік, қолданыстағы ұлттық заңнамада кездесетін «бұқаралық ақпарат құралдары» сөзі «масс-медиа» сөзімен ауыстырылады. Заңға сәйкес, суицид жасау тәсілдері және суицид жасауға шақыру туралы ақпарат таратуға тыйым салынады. БАҚ қызметіне өзін-өзі реттеуге, медиа саланы дамытуға мүмкіндік беру мақсатында ерікті негізде қоғамдық-кәсіптік кеңес құруға және журналистердің әдеп кодексін әзірлеуге мүмкіндік беріледі. Негізгі жаңашылдықтардың қатарына осыларды қосуға болады.
Жалпы БАҚ туралы заңға соңғы өзгерістер 2020 жылдың маусымында енгізілген. Мемлекет басшысы жала жабуды декриминализациялау туралы заңға қол қойды. Сала мамандарының айтуынша, бұл БАҚ өкілдері үшін ең болмағанда жұмысы үшін жаза арқалаудан қорықпауға мүмкіндік беретін маңызды түзету болды. Қаңтар оқиғасынан кейін 2022 жылдың наурызында Президент «бәсекеге қабілетті және еркін БАҚ құру керек» деген тапсырма берді. Міне, соның нәтижесінде «Масс-медиа туралы» жаңа заң дайындалды. Қоғамда кеңінен талқыланған заңда ескерілген және ескерілмеген, енгізілген және естен шыққан нормалардың бар екені айқын. Әйткенмен қазіргі Заң жобасының да игіліктері барын ұмытпағанымыз абзал…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.