«ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ – ЕЛ БОЛАШАҒЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА ФОРУМ ӨТТІ

Ұлттың сапалық көрсеткіші ұрпақтың алған тәрбиесіне тікелей байланысты. Ұлттық құндылықтардың сақталуы да бүгінгі бүлдіршіндердің болмысы мен бітіміне, тәрбиесі мен тәліміне қарай өзгеріп отырады. Осы орайда, бүгінгідей жаһандану дәуірінде қазақтың ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан отбасы институтын сақтаудың маңызы мен міндеті зор. Бүгінде осындай ауқымды міндетті еліміздегі ардагерлер мен түрлі сала мамандары абыроймен атқарып келе жатыр. Қазіргі күні еліміздің түкпір-түкпірінде аталған тақырыпты арқау еткен тың бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асып келе жатыр десек, артық айтқанымыз емес. Осы орайда, бүгінгі материалымызда аталған тақырып турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз…

Бүгінде жастар арасында тараған түрлі теріс қылықтар бар. Бүгінгі буын темекі мен ащы суға, жат ағымдарға, қала берді, қоғамдық кеселге айналған құмар ойындарына әуес болып жатыр. Сондықтан осындай сын сағатта ұлттық тәрбие маңызды рөл атқармақ. Қай ұлттың болсын баянды болашағы оның ұрпағымен тікелей байланысты екенін жоғарыда жазып кеттік. Сондықтан да ата-баба аманатын алысқа апаратын саналы да салиқалы ұрпақ тәрбиелеу — күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда, Түркістан облысына қарасты Ленгір қаласында орналасқан Төлеби аудандық Мәдениет үйінде «Ұлттық тәрбие — ел болашағы» тақырыбында форум өтті. Төлеби аудандық сот пен аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі бірлесіп ұйымдастырған іс-шара ұлтаралық татулық пен келісімге, жастардың тәрбиесіне арналды. Форумды Төлеби ауданы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның басшысы Беглан Мақұлбек жүргізіп отырды. Келелі жиынға аудандық сот төрағасы Ғани Байарыстан, аудан прокуроры Оразәлі Әбдіраманов, аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, білім бөлімінің басшысы Бекайдар Тойлыбаев, «Парасатты Қазақстан» қоғамдық ұйымының мүшелері қатысып, жиын тақырыбы жөнінде ой-пікірлерін жеткізді. Аудандық сот төрағасы Ғани Байарыстан, генерал-майор Ақжігіт Исабеков ұлттық тәрбие, рухани құндылық, жастар тәрбиесі, діни экстремизм, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыбы аясында ой қозғады. Аудан әкімінің орынбасары Сержан Дауылбайұлы аудандағы саяси ахуал, ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту мақсатында атқарылған жұмыстарды баяндады. Аудан прокуроры Оразәлі Ералханұлы құқықтық сауаттылық, жастар арасындағы құқық бұзушылық, нашақорлық, темекі мен алкогольге, қала берді құмар ойынға тәуелділік, әлеуметтік желінің қауіпсіздігі жайында ой қозғалды. Тақырып төңірегінде арнайы дайындалған бейнебаяндар қойылды. Жастардың бойында ұлттық сана-сезімді, ата-баба дәстүріне адалдықты сіңіру — ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүріміздің бір тармағы.
Отбасында берілетін тәрбие мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің сақталуы о бастан қастерлеп келе жатқан отбасылық құндылықтарымыздың жалғасы саналады. Осы орайда, аудандық сот төрағасы Ғани Байарыстан «Сан ғасырлар бойы сараланған асыл құндылықтарға шынайы ізеттілік пен моральдық тұрғыдағы тәлім қосылса құба-құп болар еді. Халықтың дана өмір салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар жиынтығы қашанда маңызды рөлге ие. Осы себептен ұлттық тәрбиенің негіздерін бір арнаға түсіріп, жалпы ұрпақ тәрбиесі мәселесінде тиімді пайдалана білу бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған ең басты қажеттілік. Қай ұлттың болсын баянды болашағы оның ұрпағымен тікелей байланысты екені сөзсіз. Ол екеуін бір-бірінен ажыратып қарау әсте мүмкін емес. Алдыңғы толқын «келместің кемесіне» мініп кеткеннен кейін елдегі барлық жауапкершілік түгелімен сол дәуірдің буынына түсетіні біз айтпасақ та белгілі жайт. Ендеше ата-баба аманатын алысқа апаратын саналы да салиқалы ұрпақ тәрбиелеу ісі бүгіннен кешікпеуі керек. Сонымен қатар оларды өмірге бейім, заманауи сауатты, жан-жақты қабілетті қоғам мүшесі болуға да талпындыруымыз керек. Әлімсақтан біздің қазақ жұрты рухани зор байлықтың мұрагері болып саналады. Әлемнің бірде-бір елінде жоқ бай ауыз әдебиеті мен мол фольклоры – ойдан шығарыла салынған дүние емес. Көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғап бүгінге дейін аман-есен алып келген ата-бабамыздың жанкештілігі әр ұрпақтың жадында жаңғыруы қажет. Сан ғасырлар бойы күмбірлеген күйі, әуелеген әуезді әні, асқақтаған айтысы, таңды таңға ұрған эпостық жырлары, шешімі шебер шешендік сөздері, мақал-мәтелі мен жұмбағы, жаңылтпашы мен өтірік өлеңі, қоржыны ортаймаған қара өлеңі, ең бастысы, қасиетті тілі қаншама қазақ баласын адами қалыпқа салып, бүтіндей ұлтты қалыптастырып шығарды» дей келе, ұлттық тәрбиенің маңызы мен міндетіне тоқталды. Ал генерал-майор Ақжігіт Исабеков әр баланың бойында елге, жерге деген сүйіспеншілік, отанға деген адалдық болғанда ғана елдің мерейі үстем болатынын тілге тиек етті. Айтуынша, отанды сүю отбасынан басталады. Бала үйде көргенін түзде қайталайды. Сондықтан тәрбие мен тәлімнің бастауы болған жанұяда ырыс пен ынтымақ, қала берді береке болуы керек. Ата-ана тәрбиесіне қанып өскен бала қанат қағып, үлкен өмір табалдырығынан аттағанда жат қылық, жаман әдетке үйір болмайды. Ал енді отбасында ынтымақ болмаса, бала мейірімді түзден іздейді. Осындайда оңы мен солы қалыптаспаған ойын баласына түрлі жат ағымдар өз идеологиясын тықпалайды. Оны бала саралай алмағандықтан, жақсысын да, жаманын да сіңіріп алады. Нәтижесінде қазақтың қаншама қарапайым баласы өзгенің сойылын соғып, өз ата-анасына қарсы шығады. Ұлттық тәрбие әлсірегеннен кейін ұрпақ ұсақталады. Ұрпақ ұсақталса, ұлттың ұзаққа бара қоюы неғайбыл. Сондықтан да әрбір балаға кіші екен деп кісімсуге болмайды. Керісінше, санасында сұрақ туса, ақыл-кеңес айтып, бағыт-бағдар беру керек. Қазақ дәл осы ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиенің арқасында талай нәубеттен аман шықты. Ұлттық тәрбиенің арқасында алтын құрсақты аналарымыз Абай мен Шәкәрім сияқты ұлттың ұлдарын тәрбиеледі. Дегенмен қазіргідей жаһандану дәуірінде жастарды жат қылықтан арашалау қиын болып барады. Бүгінде теріс ағымды насихаттайтын түрлі топтар көбейді. Бірін тыйсаң, екіншісі шыға келеді. Мұнымен күрес қарқынды жүріп жатқанымен, толықтай жеңу қиын. Әйткенмен бір ғана айқын нәрсе бар. Ол – ұлттық тәрбие берік болса, жастар жалаң ұран мен жалған сөзге ермейді.
Аудан әкімінің орынбасары Сержан Дауылбайұлы ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты сөз етті. Бүгінгідей әлемде соғыс өрті тұтанып отырған уақытта бұл тақырыптың маңызы мен міндеті зор. Жасыратыны жоқ, бірлігі кетіп, ынтымағы ыдыраған талай елдің шаңырағы шайқалып, халқы босып кетті. Оны көзіміз көріп отыр. Елдің ішінде ынтымақ болмаса, сыртқы күштер оп-оңай әсер ете алады. Ал бірлігі мығым елді дау да, жау да ала алмайды. Осыны ұғынғанымыз жөн. Бүгінгідей жаһан елдері демін ішіне тартып, әліптің артын бағып отырған заманда бір шаңырақ астындағы ұлттардың ұйысып, ортақ мақсат жолында бірлесе еңбек ете білуі аса маңызды. Сондықтан да елімізде бірлік пен татулықты, толеранттылықты насихаттайтын көптеген бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асып келе жатыр. Рас, кейде түсініспеушіліктер болып жатады. Осындайда жаман ұлттың болмайтынын, жат пиғылды адамдардың әрбір ұлтта бар екенін ұмытпаған абзал. Сонда ғана нәтижеге жете аламыз. Ал енді дау үп етсе, оны үрлеп, үлкейтіп, елдік мәселеге айналдырудан ешбіріміздің ұтпасымыз анық. Бұл, керісінше, қазақтың тыныш та берекелі тіршілігін күндейтін түрлі топтардың айызын қандырып, арманын жүзеге асырады. Сол себепті де ішкі тұрақтылық пен берекенің маңызы айрықша. Сондықтан да Сержан Дауылбайұлы аталған тақырыпқа арнайы тоқталып, маңызын тарқата баяндады.
Бұдан бөлек, аудан прокуроры Оразәлі Ералханұлы жастар арасындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта қоғамның түйткіліне айналған түйіндер жетерлік. Олардың қатарында қанатын кеңге жайып жатқан лудомания сынды дерт те бар. Иә, бұл – дерт. Халықаралық деңгейде мойындалған. Бүгінде оның жетегінде кетушілердің де қатары қалың. Жалпы құмар ойынға тәуелділікке ұшырауға түрлі фактор әсер етуі мүмкін. Оған стресстен бастап, жылдар бойы жиналған агрессия, қандайда бір жағдайда өткерген сәтсіздіктерден бастап, бала күні алған психологиялық жарақат та тікелей әсер етеді. Балаға ата-анасы жылулық беріп, көңіл бөле алмаса, өсе келе өзін «мен күштімін» деп дәлелдеуге тырысады. Мұның да соңы қандайда бір дүниеге тәуелділік тудыруға алып келуі әбден мүмкін. Өзін қажет кезде тежей алмайтын және бағалай алмайтын адамдар да ойынқұмарлыққа бейім келеді. Жасыратыны жоқ, бүгінде компьютерге тәуелділік белең алып барады. Себебі қазір айналадағы жанның бәрі гаджетке үңілген. Тіпті жаңа туылған баланың өзін телефонға қаратып қоятын отбасылар бар. Салдарынан бүлдіршіндер арасында көздің нашар көруі, эмоцияны білдіру сынды даму процестерінің тежеліп жататыны жасырын емес. Ал кейбірінің тілі тіпті жай шығып жатады. Сондықтан бұл да бір вирустық ауру сияқты. Асылында, бүлдіршін шақтан әңгімелесіп отыруды әдетке айналдырған жөн. Сонда баланың құмар ойынның құрығына түсу мүмкіншілігі азаяды. Ал жеке бастың қамын ойлап, қолына гаджетті ұстата салу орны толмас өкініштерге ұрындыруы мүмкін. Өйткені бала көретін контенттің өзінде жарнамасы жер жарған түрлі кеселді әрекеттер бар. Осыны көрген бала темекі, алкоголь, құмар ойын сынды түйткілдерге тап болады. Сондықтан ата-ананың алғашқы міндеті – баласының болашағына бүгіннен қамдану. Яғни бүлдіршін көретін контенттен бастап, істейтін ісіне дейін бақылап отыру артықшылық етпейді. Сонымен қатар аудан прокуроры құқықтық сауат тақырыбына да тоқталды. Айтуынша, қазіргі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бүгінде бұл көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне мән беріп, бос уақытында немен айналысатынына бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне септігін тигізер еді. Жалпы жастарды құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеу – олардың қылмысқа ұрынбауына, дұрыс шешім қабылдауына, келеңсіз, жағымсыз жағдайлардан тартынуына, қоғамға пайдалы іспен шұғылдануларына жәрдемдеседі. Тәрбие баланың туған сәтінен басталуы керек. «Ағаштың түзу өсуі үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші рөл атқарады.
Осы және өзге де мәселелер талқыланған форум қызу талқылаумен өтті. Сала мамандары тың ақпараттармен бөлісіп, өз ойларын ортаға салды. Ең бастысы, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиенің маңызы қоғам үшін қашан да жоғары екені айтылды. Айта кетейік, мұндай тақырыптарды арқау еткен шаралар Түркістан өңірінде жыл басынан бері ұйымдастырылып келе жатыр. Оған күнгейдегі білім ордаларының шәкірттері, жастар, сала мамандары, мемлекеттік қызметшілер қатысып, түрлі тақырыптар бойынша тың деректерге қанық болды. Іс-шаралар легі алдағы уақытта да жалғасатынын айта кеткеніміз жөн.