ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТЫ ТИІМДІ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖАСТАРДЫ ТЕРІС ЖОЛДАН АУЛАҚ ҚЫЛАДЫ
Өткен аптада еліміздің барлық мектептерінде соңғы қоңырау шарасы өтті. Осылайша балалар жазғы демалысқа шықты. Осы тұста жаз мезгіліндегі балалардың қауіпсіздігіне ата-аналардың тікелей жауапты болатыны айқын. Сондықтан оларға кеңестер мен қажет бағыт-бағдар беру сынды жауапты міндетті мектеп әкімшілігі жүзеге асырып, бірқатар жиналыстар өткізді.
Мәселен, Түркістан облысы, Жетісай ауданындағы «Ш.Уәлиханов атындағы №2 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде Жетісай ауданының білім бөлімі мен Жетісай ауданының полиция бөлімі бірлесіп, 9 сынып ұлдарына құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу бойынша жиналыс өткізді. Тарқатсақ, ЖАББ әдіскері Б.Нұрасаров 2023-2024 оқу жылы аяқталуына байланысты, қауіпсіздік, жазғы демалыс кезіндегі уақытты тиімді ұйымдастыру, шылым, алкоголь, құмар ойындары сынды кеселді дүниелерден аулақ болу бойынша ақыл кеңестерін берді. Жетісай ауданының полиция бөлімінің инспекторы Ғ.Шонықбаев оқушыларға жолда жүру ережелері, су айдындарындағы қауіпсіздік, қылмыстық жауапкершілік тұрғысынан заң аясында ескертпелер мен түсіндіру жұмыстарын жасады. Мектеп директоры М.С.Бекенова оқушыларды құқықбұзушылық пен қылмысқа жол бермеуге және түнгі уақытта ата-аналардың қадағалауынсыз көшеде, түрлі көңіл көтеру орындарында жүрмеуге шақырды. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Г.Бейсенова, А.Қозыбаев мектептің ішкі тәртіп ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Айта кетейік, мұндай жиындар Түркістан облысына қарасты мектептердің баршасында өтті. Онда тиісті сала мамандары балалардың қауіпсіздігі мен жазғы демалысты тиімді ұйымдастыру бойынша құнды кеңестерін айтып, білгендерімен бөлісті.