АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТОҚСАНДЫҚ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Бүгінде қоғам арасында тараған сан түрлі түйткіл бар. Әсіресе, жастар темекіге, алкольді сусындарға әуес болып келеді. Бұл ғана емес, соңғы кездері лудомания сынды өзекті мәселе күн тәртібіне шықты. Мұнымен күрес шаралары да елімізде қарқынды жүргізіліп келе жатыр. Әрине, түйткілді түпкілікті шешу үшін қоғамның бірлігі ауадай қажет. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы да бұл мәселемен күреске үлесін қосып, түрлі бағытта түсіндірме жұмыстары жүргізіп келеді.
Осы орайда, Кентау қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің мәжіліс залында Кентау қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің 2024 жылғы ІІ тоқсандық отырысы өтті. Отырысты Кеңес төрайымының орынбасары Аяпбергенова Роза Мұратқызы ашып жүргізіп отырды. Жиынға Кеңес мүшелері және Кентау қалалық емханасының психологі Н.Смаилова, Кентау қалалық емханасының акушер гинекологы У.Явенова, Кентау қалалық жастар ресурстық орталығының психолог маманы Қ.Закирбаева, әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу бөлімінің басшысы Қ.Наханова, Кентау қалалық білім бөлімінің тәрбие саласының әдіскері Н.Кузембаева, Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ Кентау қалалық филиалының маманы А.Құрманбаева және 8-9 сынып оқушыларының аналары қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік, нашақорлық, құмарпаздық немесе лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресуде әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу орталығының міндеттері жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жиын соңында қатысушылардың пікірлері тыңдалып, сұрақ-жауаптарға кезек берілді. Жиын қатысушылары көкейде жүрген сауалдарын спикерлерге қойып, толымды жауаптарын алды. Айта кетейік, елімізде лудоманиямен күрес бойынша арнайы заң жобасы қаралып жатыр. Бұл қоғам арасында тараған кеселді түйткілді ауыздықтауға бағытталған маңызды құжат болмақ.