«ӘР КҮН — ЖАҢА МҮМКІНДІК» ШАРАСЫ ӨТТІ

Балалар мен жастардың бос уақыты тиімді ұйымдастырылмаса, өскелең ұрпақ түрлі жат қылық пен теріс әрекеттерге әуес болуы мүмкін. Өйткені қазіргі уақытта интернет беттерінде түрлі кеселді түйткілдердің жарнамасы жер жарып тұр. Ол қатарда құмар ойындары сынды қоғамның өзекті мәселесіне айналған кесел де бар. Бұған бей-жай қарау ұлттық құндылықтардың ұсақталуына, отбасы институтының ыдырауына, адами қасиеттердің жоғалуына әкелуі мүмкін. Сондықтан қазіргі уақытта Түркістан өңірінің жастары бос уақытты тиімді ұйымдастыру ісіне атсалысып келеді.

Мәселен, жуырда Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ және Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен облыстық Арнаулы кәсіптік колледжі студенттерінің арасында «Әр күн — ааңа мүмкіндік» атты спорттық эстафеталық сайысы өтті. Іс-шараға, жастардың жанашырлары, Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Азат Сұлтан Бақытұлы, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің «Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету» бөлімінің басшысы Кипчакбаева Гүлнұр Бейсенқызы, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Байымбетова Оразия Қойшыбайқызы, Арнаулы кәсіптік колледжінің директорының міндетін атқарушы Абдиев Нұралы Ануарович қатысты. Ұйымдастырылып отырған шараның мақсаты — денсаулықтан артық байлық жоқ екендігін насихаттай отырып, лудомания және нашақорлықтың алдын алу, жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыру, достық қарым-қатынасты нығайту. Іс — шара барысында студенттер 8 кезең бойынша өзара сайысқа түсті. Әр түрлі бағыттар бойынша бақ сынасты. Сайыс соңында қатысқан командаларға Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта жазғы демалыстың басталуымен күнгейде кеселді мәселелерден жастарды аулақ қылу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар мұндай шаралардың әрбірінде лудомания тақырыбы кеңінен қаузалып, қажет ақпараттар жастар назарына ұсынылуда.