ҚАЛАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ КЕЗЕКТІ СЕССИЯСЫ ӨТТІ
Шымкент қаласында ондаған ұлт пен ұлыс тату-тәтті тіршілік етеді. Сондықтан шаһарда бірлік пен ынтымақтың маңызы айрықша. Осы орайда, жуырда Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тірегіміз – тәуелсіздік, байлығымыз – бірлік, мақсатымыз – өрлеу» атты V сессиясы өтті. Келелі жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, қалалық ҚХА мүшелері, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Тәуелсіздік жылдары ішінде қаншама ұлт пен этнос Қазақстан атты қасиетті шаңырақ астына топтасып, еселі еңбегімен елдің дамуына қаржырлы қайратын жұмсады. Азаматтардың ұлтына, тіліне, түріне қарап бөлінуіне жол берілмей, жүйелі жүргізілген мемлекеттік саясаттың арқасында қоғамдық келісім еліміздің басты тұғырына айналды. Осы орайда, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков өз сөзінде қоғамда тұрақтылық пен этносаралық татулықты сақтаудағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына тоқталды. Нақтырағы «Қалалық Ассамблея алдында сан-қырлы міндеттер тұр. Қоғамдағы этносаралық татулықты, өзара сыйластық пен түсіністікті қалыптастыру, ұлтына, дініне қарай ерекшеленуге, оқшаулануға жол бермеу, игі істерге атсалысу және тағы басқа міндеттерді атқарып келеді. Жасыратыны жоқ, қоғамда Ассамблеяға қатысты түрлі пікірлер де айтылып жүр. Баршаңызға белгілі, Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел бірлігін нығайтуға қызмет ететін бірегей институт ретінде елімізде өмір сүріп жатқан барша этносты бір арнаға ұйыстырып отыр. Ассамблея жүргізіп отырған мемлекеттік этносаясаттың нәтижесінде қоғамда тұрақтылық пен этносаралық татулық берік орныққан» деді шаһар басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін шымкенттіктер тасқын судан зардап шеккен өңірлерге қол ұшын созуда да белсенділік танытты. Игі іске Ассамблея белсенділері де үлес қосты. Сессияның күн тәртібі бойынша бірнеше азамат жарыссөзге шықты, сонымен қатар бірқатар белсенділер Қазақстан халқы Ассамблеясының наградаларымен марапатталды. Бүгінде қалада 17 этномәдени бірлестік пен ҚХА жанындағы 7 құрылым жұмыс істейді. Жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат аясында жұмыс істейтін белсенділердің әлеуеті қоғамдық келісімді сақтау, қазақстандық патриотизмді дәріптеу бағытындағы жобаларға жұмылдырылған.