ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 79 жыл толып отыр. Бұл — Қазақстанның тарихында айрықша орны бар мереке. Ұлы Отан соғысы кезінде қан майданға қазақ жерінен 1,5 миллионға тарта адам аттанған. Сұрапыл соғыста жанқиярлық ерлігімен елдің есінде қалған батырлар көп. Әйткенмен уақыт бір орында тұрмайды. Соғыс аяқталған 79 жыл ішінде қаншама батыр өмірден өтті. Бүгінде қан майданды көзімен көргендердің қатары сиреген. Осы орайда, биыл Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне елімізде айрықша құрмет көрсетілді.
Мәселен, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Жеңістің 79 жылдығына орай «Даңқ» мемориалына гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Қала басшысы ардагерлермен және тыл еңбеккерлерімен бірге Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Мегаполис басшысы ардагерлер Төлепберген Мұраталы мен Нина Егоровна Мосунованы мерекемен құттықтады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алғыс хат табыстап, салтанатты жағдайда пәтер кілттерін тапсырды.
Айта кетейік, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тікелей ұсынысымен Жеңістің 79 жылдығына орай ҰОС ардагерлеріне көрсетілетін көмек көлемі 1 329 120 теңгеден 2 000 000 теңгеге дейін көтерілді. Сондай-ақ ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға 166 140 теңге төленді. Бұған дейін олар 132 мың теңге алған. Тыл еңбеккерлеріне де материалдық көмек көрсетілді. Өткен жылы оларға 41 400 теңге төленсе, биыл бұл сома 55 380 теңгеге артты.