ШЫМКЕНТКЕ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН ВИЦЕ-ПРЕМЬЕР КЕЛДІ
Шымкентте шағын және орта кәсіпкерлік қанат жайып келеді. Қазіргі уақытта шаһар аумағында бірнеше индустриалды аймақ жұмыс істеп тұр. Қала берді, қалалық әкімдік тарапынан да инвесторларға жайлы жағдай жасау бойынша қыруар іс атқарылып келе жатыр. Осы орайда, жуырда үшінші мегаполиске Премьер-министрдің отандық өндірісті қолдау тапсырмасы аясында вице-премьер Серік Жұманғарин келіп, жұмыс істеп тұрған ірі өндірістік және ауыл шаруашылығы нысандарының жұмысымен және құрылыс барысымен танысты.
Вице-премьер аралаған бірқатар өндіріс орындары турасында тарқата баяндайтын болсақ, Шымкент көлік-логистикалық орталығының аумағында ауданы 5 га «НМИ-Юг» ЖШС көпфункционалды қойма кешені салынуда, жобаның құны — 10,2 млрд теңге. Құрылыстың бірінші кезеңін биыл аяқтау жоспарланып отыр. Бұл кезеңнің құрылыс-монтаждау жұмыстары 90 пайызға орындалған. Қойма үй-жайларының жалпы ауданы 22 мың шаршы метрді құрайды. «НМИ-Юг» ЖШС құрылтайшысы Айжан Наимбекованың айтуынша, бұл климаттық бақылаудың икемді жүйесі, тоңазытқыш камераларының температурасын -18-ден +4 градусқа дейін реттеу мүмкіндігі бар «А+» санатындағы қойма болады. Бұл тауарлардың кең ассортиментін сақтауды қамтамасыз етеді.
Вице-премьерге «Alsera kz» ЖШС жылыжай кешенін салу жобасы да таныстырылды. Құны 650 млн АҚШ доллары болатын инвестициялық жобаны «Бозарық» индустриялық аймағында «Alarko Holding» түрік компаниясы жүзеге асыруда. Бұл — жаңа технологияларды қолдана отырып, 500 га алаңда кезең-кезеңімен іске асырылатын тың жоба. Мұнда қияр, қызанақ, бақша, тамыр дақылдары мен басқа да ауылшаруашылық өнімдерін өсіру жоспарлануда. Нысан Шымкенттегі қызанақ пен қияр өсіретін ең үлкен жылыжай кешені болады. 2000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков СЛО аумағында жүзеге асырылатын басқа да жобалар туралы хабардар етті. Серік Жұманғарин іске асырылып жатқан жобалардың перспективаларын жоғары бағалап, мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті. Өйткені жобалар агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік саясаттың мақсатының бірі — ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді 70 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар сапар барысында вице-премьер Қазақстандағы дайын тоқыма өнімдерін өңдеу және шығару бойынша толық аяқталған циклдің ірі және жалғыз тоқыма фабрикасы «AZALA Textile» ЖШС-на барды. Фабрикада 475 адам жұмыс істейді. Бірегей тоқыма комбинаты иірілген жіптен тоқыма бұйымдарына дейін өнім түрлерін шығарады. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 6 800 тоннадан астам иірілген жіп пен 14 млн сызықтық метр ауыр матаны құрайды. «AZALA Textile» өз өнімдерінің шамамен 70 пайызын таяу шет елдерге, атап айтқанда, Литваға, Германияға, Италияға, Польшаға, Бельгияға, Данияға, Латвияға және Түркияға тасымалдайды. Өндірістік цехтарды тексеру және зауыт басшылығымен әңгімелесу қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин отандық тоқыма өндірушісінің мемлекеттік мұқтаждықтары үшін өнім сатып алуды ұлғайту мүмкіндігін үкіметтік деңгейде пысықтауды тапсырды.