АППАРАТ МӘЖІЛІСІНДЕ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы — билік пен қоғам арасындағы ашық әрі айқын байланыс арналарын құруды көздеп, шешімдерді әзірлеу және қабылдау процесінде азаматтардың дауысын естуге және ескеруге бағытталған. Бұл бағытта Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстар көп. Бұған дейін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков шаһарға қатысты шағынаудандар мен елді мекендердің тұрғындарымен тілдесіп, мәселелеріне құлақ асқан еді. Енді, міне, аталған мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар беріліп келеді. Тарқатайық…

Осы аптада қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен аппараттық мәжілісте Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездесулердегі хаттамалық тапсырмалардың орындалуы, сонымен қатар 2023-2024 оқу жылының салтанатты іс-шараларының қауіпсіздік мәселесі, субұрқақтарын қосу жайы талқыланды. Жоғарыда аталған аудан халқымен кездесу барысында 124 мәселе көтерілген, қазіргі таңда 64-і орындалып, 48-і жұмыс барысында, 12 мәселе 2025 жылдың жұмыс жоспарына енгізілді.
Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар қала аумағындағы субұрқақтарын қосу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Қазір басқарма теңгерімінде 25 нысанда 37 субұрқақ бар. Бүгінде демеушілер есебінен субұрқақтар қосылуда. Қала басшысы жауаптыларға бүлінген субұрқақтарды қалпына келтіріп, 1 маусымға дейін жаппай іске қосып, жылы маусымда үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ қала аумағындағы саябақтарды жарықтандыру жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтап, демалушыларға қолайлы жағдай жасауда нақты тапсырма берді.